Баланы құтқарған астаналық полицейге министрдің алғыс хаты мен қол сағат табыс етілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 12 жастағы баланы құтқарған Астана қаласы ІІД Жедел қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы полиция капитаны Өміржан Темірбеков Павлодарда өткен «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық байқауына қатысты, деп хабарлайды елордалық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Аталмыш іс-шара ерлікпен қаза тапқан ішкі істер органдарының қызметкері полиция капитаны, «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовты еске алудың құрметіне өткізілді. Шараға бейбіт заманда өздернінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде ерлік пен қаһармандық танытқан полицейлер қатысты.
Еске салатын болсақ, оқиға 9 маусым сағат шамамен 12.30-да 187 көшесі бойындағы Сарыбұлақ өзенінде болды. Жұмысқа бет алған полицей өзен бойында жиылып тұрған балалардың көмекке шақырып, өзен жаққа қолдарын сілтеп тұрғанын көрген. Бір сәтке уақыт созбай, бірден секіріп түсіп баланы көтеріп алып шыққан.
Полиция капитанының айтуынша баланың жүзі көкпеңбек болып, тыныс алмай жатқан. Алайда оның өмірін сақтап салуға барынша тырысқан Өміржан алғашқы медициналық көмекті көрсетуге кіріскен. Баланың кеудесіне тікелей массаж жасап, жасанды дем берген. Оны көтеріп алып, денесін тізесіне қойып, басын төменге қаратып жұтып қойған суды денесінен шығарған. Бірнеше рет осылай қайталаған соң, баланың тыныс ала бастаған. Жедел жәрдем шақырып, баланы бақылауында ұстаған.. Алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсетуді атыс-қызметтік дайындық жүйесінде үйренген дағдыларын іс-жүзінде қолданған. Жедел жәрдем қызметкерлері көрсеткен алғашқы медициналық көмектің дұрыс жасалғандығын атады. Баланың анасы Жанар Айтуреева ұлы Батуханның өміріне араша түскен құтқарушыға алғыс айтып, қызметіне табыстар тіледі.
Ерлік танытқан үшін ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Калмұхамбет Қасымовтың атынан Өміржан Темірбековке грамота, құқық қорғау органы мүсіншесі мен қолсағат табысталды.