Баланы шетелге алып шығуға сенімхат онлайн берілуі мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әділет министрі Азамат Есқараев «Е-нотариат» жүйесінің жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Е-нотариат» жүйесі тиімділігін көрсетті. Жүйе іске қосылғалы азаматтардан 1200-ден астам өтініш келіп түсті. Оның жұмысына қатысты әзірге бір де бір шағым болған жоқ. Халық қолданып жатыр. Жүйені енгізуде біз өте мұқият болдық. Нотариаттық сенімхаттың екі-үш нұсқасы әзірленді. Келешекте «Е-нотариат» қызметінің аясын кеңейтеміз. Енді тек сот бойынша ғана емес, сонымен қатар баланың шетелге шығуына сенімхат беру жағы қаралып жатыр», - деді Азамат Есқараев Астана халықаралық форумының кулуарында.

Министрдің мәлімдеуінше, аталған қызметті онлайн алуға болады.

Еске сала кетейік, биыл сәуірде елімізде «Цифрлық нотариат» атты пилоттық жоба іске қосылған еді.

Бұған дейін клиенттер сенімхатты рәсімдеу үшін құжатқа қол қойдырып, оны нотариусқа барып куәландыруы керек болса, енді аталған қызмет eGov mobile мобильді қосымшасында қолжетімді.


Соңғы жаңалықтар
telegram