«Баланың салыққа көзқарасы» тақырыбындағы балалар арасындағы байқау мәреге жетті

«Маусымның 24-інде әділқазылар суреттерді қарап, өздерінің қорытындыларын шығарды. Атап айтқанда бұл республикалық байқау елімізде алғаш рет өткізілді. Байқауға барлық өңірлерден 200-ге жуық балалар қатыстық. Ерекше атап өтерлігі, бұл тақырыптағы шығармашылық жұмыстарда жасөспірімдер тарапынан көрсетілген көзқарастарды, яғни суреттерде бейнеленген мән-мағынаны өте маңызды деп білеміз»,-деді ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасының орынбасары Ардақ Теңгебаев.
Байқаудың қорытындысы бойынша, қатысқан балалардың ішінен 9-ының жұмысы іріктелініп алынды. Сондай-ақ осы жүлдегерлер 9 жасқа дейінгі, 9-дан 12 жасқа дейінгі, 12-ден 16 жас аралықтары бойынша үш деңгейге бөлінді.
«Бұл байқау елімізде «салықты қалай төлеу керек?», «неге төлеу керек?», «қандай мақсатта төленеді?» деген тақырыптарды көтерді. Осыған орайда айтарым бұл шара бірінші рет өткізілгенімен, оның нәтижесі өте жақсы болды деп бағалаймыз. Енді осы байқауды жыл сайын ұйымдастырып тұруды жоспарлап отырмыз»,-деді ол.
Айта кетейік, бүгін елордада аталған байқау жеңімпаздарының жұмысын таныстыруға байланысты өткен шарада ҚР Салық комитетінің өкілдері бірқатар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистерін арнайы дипломдармен марапаттады.