«Баланың тіл байлығы тәрбиеден басталады» - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінде «Қарғын судың әлегі» деген мақала жарияланды. Биыл теріскейге көктем ерте келді. Күннің күрт жылуы салдарынан әдеткі нормадан 1,5-2 есе көп жауған қар тез еріп, сай-салаларды, жылғаларды қуалай ақты. Қарғын судың ауа жайылуы елді мекендерге айтарлықтай қауіп төндіріп, облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан қырағылық күшейтіліп, барлық күш-жігер су зардаптарын болдырмау, орын алған жағдайда бірінші міндет мал-жанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына бағытталды.
Мамандар тарапынан қардың мол жиналуы көктемгі су тақынына ұласатыны үнемі мәлімделіп, сақтандырып баққан. БАҚ өкілдерімен өткен брифингтердің бірінде екі мың тұрғыны бар 30 елді мекен, 630-дай үй, 65 жол учаскесі қауіпті аймақтарда орналасқаны айтылған. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов қардың шамадан көп түсуінен су тасқыны орын алуы мүмкін екенін ескертіп, тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құруды, арыны қатты қызыл судың қаупін барынша азайтудың жолдарын жан-жақты қарастыруды міндеттеген.
«Облыс аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою» бағдарламасы аясында қазынадан қосымша 11,6 миллион теңге қарастырылып, 10 мың тонна инертті материалдар дайындалды.
Жыл басынан бері жарты миллион текше метрден астам қар сыртқа шығарылды. 145 техника, 51 жүзу құралы сақадай-сай етілді. 75 тонна жанар-жағармай, тұрғындарды көшіретін 38 арнайы орын, 70 тоннадан астам мал азығы әзірленді. Міне, осындай алдын алу жұмыстары кешенді атқарылып, жылымықпен бірге сәт сайын құбылып, ерекше «мінез» көрсеткен табиғатты «ауыздықтау» жайы ойластырылды.
***
Мемлекеттік қызметшілердің смартфондарды пайдалануын шектеу- әлемдік тәжірибеге қайшы келмейді және қажетті шара.
Елордада, «Мемлекеттік қызметті жетілдіру мақсатындағы әріптестік» атты халықаралық конференция кезінде БҰҰ құрылымының өкілі осындай байлам айтты»,-деп жазады «Айқын» газеті.
Бұл жиынды Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.
-Мемлекеттік құпиямен жұмыс жасайтын ведомстволарда смартфондар мен планшеттердің қолданылуына шектеу енгізуді қажетті шара деп есептеймін! - деді БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымының Мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша Сингапурдағы жаһандық орталығының басшысы Макс Эверест-Филлипс.
- Өйткені, бірқатар маңызды құпия құжаттардың сыртқа жайылып кетуі тәуелсіз мемлекеттің өміріне қауіп төндіруі де ықтимал. Адам мемлекеттік қызметке қабылдағанда өз мойнына бірқатар міндеттемелермен қоса, шектеулерді де қабылдайды. Өйткені, олар мемлекет атынан сөйлейді, іс-әрекет етеді. Егер жұмысымен тікелей байланысты болмаса, смартфондар мен планшеттерді бос уақытында пайдалануына да болады. Ал олар шенеуніктің халыққа қызмет көрсетуіне кедергі болмағаны жөн.
Осы жайында «Мәңгілік ел» болам десең, мемлекеттік қызметті түзе!» деген мақалада берілген.
Осы басылымда «Облыста оң нәтиже көп» деген мақала жұртшылық назарына ұсынылып отыр.Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы брифингте Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин қалыптасқан жағдайды мәлім етті.
Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, Ұлт жоспарын орындаудың тәжiрибелiк кезеңi басталды. Онда жергiлiктi атқару органдары 49 iс-шараны жүзеге асыру бойынша жұмылдырылған.
Облыста жерді пайдаланушылардың арендасында 10 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері бар. Қазіргі кезде 42 жалға алушы жекеменшікке 90 мың гектарға тарта жерді сатып алуға ниетті. Бүгінде олармен тиісті шарттарды бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлерін сату үшін 117 жер учаскесі (43 мың гектар) дайындалды. Бұл жер телімдерін сату бекітілген кестеге сәйкес 2016 жылдың 1 шілдесінен басталады.
«Жер кодексіне» енгізілген жаңашылдықтар ауыл шаруашылығы мақсатында жалға берілген жерлерді кадастрлық құнынан 50 пайыз жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігін қарастырады. Сондай-ақ, бұл жерлердің құнын 10 жыл мерзімге бөліп төлеуге болады. Әкім жер мәселелері бойынша қабылданған шаралар жер иелерінің жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік беретініне сенімді.
***
«Бала ана тілінің қыр-сырын терең меңгермейінше, қоршаған орта, табиғат жайында білім алуы, жалпы даму үдерісі ойдағыдай болуы мүмкін емес.
Өйткені, тіл - адамдар арасында табиғат сыйлаған ең құдіретті қатынас құралы. Адамзат тіл көмегімен өз ойын жеткізіп, өзгенің жан сырын ұғына алады. Бала тілі жетілген, дамыған сайын оған білім беру, ақыл-парасатын дұрыс пайымдай білуі жеңілдірек әрі ұтымдырақ болмақ. Тілі жақсы дамыған бала санасын, жүрегін билеген сезімін дәл, шебер жеткізе алады. Оқу материалдарын ойдағыдай меңгереді, табиғат пен қоғамдағы күрделі байланыстарды дұрыс тану мүмкіндігі артады. Алайда, әлі күнге дейін бала тілін дамытудың теориялық және тәжірибелік тұрғыда шешімін таппаған мәселелері көп»,-деп жазады «Ана тілі» газеті соңғы санындағы «Баланың тіл байлығы тәрбиеден басталады» атты мақаласында.
Заманауи оқыту үдерісінде білім беру мен тәрбиені арқау еткен мақалада өзекті мәселелер көтереліп отыр. осы жайында толық білгіңіз келсе, мақаланы оқып шығыңыз.