«Балапан» бағдарламасына сәйкес БҚО-ның Жәнібек ауданында балабақша, шағын орталықтар ашылуда

Қазіргі кезде аудан бойынша 8 балабақша, 2 мектеп-балабақша және бес сағаттық қысқа мерзімдегі 9 шағын орталық бүлдіршендерді оқыту, тәрбиелеу ісімен шұғылданады. Шағын орталықтардың жетеуі өткен жылғы желтоқсанда Е.Ниетқалиев, Т.Жароков, М.Ықсанов, Ғ.Сарыбаев атындағы және №1 орта мектептердің, сондай-ақ, Ұзынкөл, Күйгенкөл ауылдарындағы балабақшалардың жанынан ашылса, екеуі биыл маусым, тамыз айларында Ғ.Абдуллин атындағы орта мектеп жанынан және аудан орталығындағы кешкі мектептің орнында ашылып, пайдалануға берілген. Алдағы 2015 жылға дейін аудандағы барлық мектептер жанынан осындай шағын орталықтар ашылады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге тұрғындардың тілек-өтініштеріне сәйкес 2012 жылы аудан орталығында 280 орындық балабақша салынбақ. Оның құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді деп күтілуде.
Аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің мектепке дейінгі тәрбие жөніндегі әдіскері Рузия Абатованың айтуынша, аудан көлеміндегі шағын орталықтардың барлығы да қажетті жаңа құрал-жабдықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілді. Өткен жылы ашылған жеті шағын орталыққа жергілікті бюджеттен 35,497 млн. теңге қаралса, биыл іске қосылған екі шағын орталыққа республикалық бюджеттен 7,637 млн. теңге бөлініп отыр. Мектепке дейінгі барлық мекемелердегі кадрлар құрамы толық. Балабақшалардың қай-қайсысында да оқу-тәрбие жұмыстары қазақ тілінде жүргізіледі.