Баласын қараусыз қалдырған 10 астаналық ата-ананың үстінен қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM — Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді орындамағаны үшін ата-анаға немесе заңды өкілге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Оның мән-жайын Астана қаласы полиция департаменті Сарыарқа ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қайрат Тілепов түсіндіріп берді.
— Биыл елорда аумағында балалардың терезеден құлаудың 59 факті тіркелді. Өкінішке қарай, 16 факті өлім жағдайымен аяқталды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді орындамағаны үшін Әкімшілік-құқықбұзушылық кодекстің 127 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз, ол бойынша іс сотқа жолданады, — деді Қайрат Тілепов Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бала қауіпсіздігін қамту шараларын арттыру мақсатында полицейлер мен төтенше жағдай мамандары көпқабатты үйлер мен қоғамдық орындарда түсіндіру, ақпараттандыру жұмысын жиі өткізеді.
— Жыл басынан бері баланы қараусыз қалдыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігіне сәйкес 10 қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр, аяқталған соң іс сотқа жіберіліп заңды шешім қабылданады. Одан бөлек баласын түнгі уақытта қадағаламаған 895 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды, — деп толықтырды спикер.
Бұған дейін дәрігер терезеден құлап, жарақат алған балалар саны екі есе өскенін айтып, дабыл қақты.
Жыл басынан бері елордада 13 бала терезеден құлап, көз жұмды.