Баласы сабақтан қалған ата-анаға айыппұл салу туралы бұйрық болған жоқ
Соңғы күндері WhatsApp мессенджері арқылы «Білім министрлігінің бұйрығына сәйкес сабақтан себепсіз қалған оқушылардың ата-аналары мемлекет қазынасына 15883 теңге айыппұл төлейді» деген хабарлама тарап, ата-аналардың ренішін туғызған болатын.
Бұл ақпаратты бүгін қойылған сауалға орай БҚО білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова жоққа шығарды.
Оның айтуынша, бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің ешқандай бұйрығы болған жоқ.
«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127-бабына сәйкес бала себепсіз он күннен астам уақыт бойы мектепке келмесе, алдымен ата-анасымен жұмыс жасалынады. Тағы да қайталанса, мектептің ұсынысымен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комисссияда қаралады да, әрі қарай полиция департаментімен бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Сабақтан қалған оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынады деген мәлімет жалған. Бұған министрліктің қатысы жоқ», деді Ш.Қадырова.
Айта кетейік, аталмыш кодекстің 127-бабының 1-тармағында «Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту жөнiндегi мiндеттердi орындамауы 7 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» делінген. Ал осы баптың 2-тармағында «Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет - 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады» деп көрсетілген.
Сондай-ақ бала мектепке мүлдем бармаса, аталған кодекстің «Қазақстан Республикасының білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу» туралы 409-бабының 2-тармағында «Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы ескерту жасауға немесе 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» делінген.
Сабаққа мүлдем қатыспай жүрген баланың мәселесі бойынша жергілікті полиция департаменті хаттама жасап, сотқа жолдайды. Ары қарай аталған баптар бойынша тиісті жауапқа тартылады.