BalaTurkvizyon-Kazakhstan байқауының ақтық сынына қостанайлық қос бүлдіршін жолдама алды (ФОТО)
Бұл жоба қазақтың музыка өнерін дәріптеп, ел ішінен сахна саңлағына айналар қас дарынды іздейді. Танымал әнші Айжан Нұрмағанбетова бастаған тәлімгерлер «сайыста көзге түскен талантты жас тасада қалмайды» дейді. Әйтсе де, мыңнан озып шығар тұлпарды Астанадағы ақтық сын анықтамақ, деп хабарлайды 24.kz. Тәлімгерлер 5 сағат бойы тапжылмай, Тобыл таланттарының өнерін тыңдады. Нәтижесінде Қостанайдан қос бүлдіршін Маша Кунщикова мен Мәулен Қадыров Астанадағы ақтық байқауға жолдама алды. Олар дуэт орындайтын болады. Бағы жанған Мәулен бұған дейін де бірнеше ән жарысына қатысып, тәжірибе жинаған. «Алты жасымнан бастап өлең айтамын, вокалға қатысып жүрмін, өнерлі отбасынан шыққанмын. Алдағы арманым - әнші болу. Байқауға «Өз елім» мен «Алатау» деген әндермен келгенмін. Аталған әндер мені жеңіске жетелейтіндігіне сенгенмін», - деді өнер сайысының жеңімпазы Мәулен Қадыров.