19:32, 16 Мамыр 2009 | GMT +5
«Балдәуренде» елімізде дарынды балаларды тәрбиелеп, оқыту мәселелері талқыланды
КӨКШЕТАУ. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Бурабай көрікті аймағында орын тепкен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Талантты ұстаз - дарынды балаларға» атты педагогикалық олимпиада мәреге жетіп, жеңімпаздар сый-құрметке бөлінді.

Ең бастысы, оған қатысушылар дарынды балғындарды тәрбиелеудің тың жолдарын қарастырып, тәжірибе алмасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйытқы болуымен жүзеге асырылған іс-шараға 107 дарынды балаларға білім беретін мектептен 500-ге тарта адам қатысып, шеберліктерін байқатып, тәжірибе алмасты. Үш күн бойы олимпиадаға қатысушылардың кәсіби ой-өрісін кеңейту, үздіксіз білім беру, жоғары оқу орнына дейінгі-жоғары оқу орнындағы-жоғары оқу орнынан кейінгі сабақтастықты іске асыруға бағытталған шаралар қарастырылды. Соған сәйкес педагогикалық идея, жаңа жоба, педагогикалық шығармашылық тәжірибелерімен алмасуға, мұғалімдерді дарынды балалармен жұмыс істеуге даярлауға ерекше көңіл бөлінді. Педагогикалық идеялар панорамасы негізінде «Дарын» жүйесіндегі мектептерде білім беру мазмұнын жетілдіру бойынша үздік инновациялық жобалар айқындалып, атқарылған жұмыстар сарапталды, соған сәйкес ұжым жетістіктеріне арналған көрме көпшілік назарына ұсынылды. Олимпиада сатылық құрамда өткізіліп, онда жоғары оқу орнында білім алуды жалғастыруға бағытталған дарынды балаларға арналған мектептер, педагогикалық колледждер оқушылары, магистранттар, жас педагогтар өзара пікір алмасып, ойларымен бөлісті. Төртінші педагогикалық олимпиада жұмысын қорытындылаған Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Тахир Балықбаев бұл басқосу жас буынға тәлімді тәрбие, терең білім беру жолындағы нық қадам екенін атап көрсетіп, инновациялық технология мен ғылым жетістігі қолданысқа енгізіліп отырғандығы қуанарлық жайт екеніне баса назар аударды. Ғалымның пайымдауынша, көрмеге қойылған көрнекі құралдар мен әдістемеліктер, ондағы технологиялық жетістіктерді барлық білім ошақтарында енгізу алдағы күннің өзекті ісі болып табылатынына тоқталды. Іс-шара аясында үздік шыққан педагогтар, вожатыйлар, оқушылар, студенттер, жекелей мектептер марапаттау қағаздарына иелік етіп, сертификаттар табысталды.