Балдырғандармен жұмыс істеу – үлкен бақыт – Үміт Елжанова, тәрбиеші

-Үміт Қайырғалиқызы, өз салаңыз бойынша озып шығып, «Үздік педагог» атанған екенсіз. Соңғы уақытта білім саласында реформалар қолға алынып жатқаны белгілі. Осыған орай балабақшаларда не істелуі керек деп ойлайсыз?
- Өмірде мамандықтың түрі көп екендігі белгілі. Соның ішінде дүниеге келген сәбиге ата-анасынан кейін бағыт-бағдар беретін тәрбиеші мамандығы да сондай жауапты дер едім.
Күнде ертеңгісін жұмысқа келгенде, балалармен бірге болған әрбір уақытым мені жаңа әлемге жетелегендей болады. Алдымда отырған жас бүлдіршіндерімнің сүйкімді де әдемі, байсалды да ақылды жүздерін көрудің өзі қуанышқа бөлейді. Олардың менен күтетіні өте көп екендігін ұғындырады. Одан сайын шабыттана, қанаттана түсесің.
«Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» деген ұлы Абай. Олай болса жас ұрпаққа мейірім, шапағат нұрын сеуіп, еңбекке баулумен қоса Отанға, Ана тілге деген махаббатын байыту, оларға тура бағыт-бағдар беру, міне, осы балабақшадан басталады.
Шынымды айтсам, мектепке дейінгі жастағы балалармен жұмыс істеу, олардың Қазақстан Республикасының тәрбиелі, ақылды, білімді азаматтары болуларына үлес қосу – мен үшін үлкен бақыт. Осы кішкентай бүлдіршіндерді 26 жыл бойы оқытып, тәрбиелеп келемін. Осы қызметімде өзім үнемі ізденіп, жаңа заманауи технологиялармен танысып, өз білімімді толықтырып, үйреніп, оны балалардың санасына құйып, үйретуден жалықпадым, өйткені өзіме мамандығым ұнайды. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде тәжірибелерімді бөлісіп, байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Сонымен қатар тәрбиеленушілерімді де сондай деңгейдегі байқауларға қатыстырып келемін. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді дегендей, осындай жетістіктер мен еңбектің арқасында «Үздік педагог – 2021» атағына ие болдым.
Мемлекет тарапынан білім беру саласына ұдайы көңіл бөлініп келеді. Соның ішінде балабақшаларда да жаңашылдықпен жұмыс істеу керектігіне, креативтілік пен сыни ойлауды дамытуға баса назар аударылды. Сайып келгенде, қазіргі заман талабына сай оқыту мен тәрбиелеудің сапасын мектепке дейінгі кезеңнен бастап көтерудің маңызы зор.
Мектепке дейінгі жастағы баланың бойында шығармашылық қиялды, креативтілікті, білім-біліктері мен дағдыларын дамытып, сыни ойлап, өз ойын ашық айта білуге және командада жұмыстана білуге баулу қажет деп ойлаймын. Осы орайда баланың сөйлеу белсенділігін арттыратын оқыту мен тәрбиелеудің бір түрі – ойын. Ойын түрлерін балабақшада ұтымды пайдалана білген тәрбиеші озады деп білемін.
-Кішкентай бүлдіршіндердің ана тілінде білім-тәрбие алуы маңызды. Осыған байланысты не айтар едіңіз?
- Тіл мәдениетін меңгеру сәби шақтан басталады. Баланың тілін дамытуды отбасында, қоғамдық орында және мектепке дейінгі ұйымда жүйелі жүргізілетін тәрбие процесі барысында жүзеге асыруға болады. Бұл ретте, әрине, балабақшаның орны ерекше. Онда қазақ тілін үйретуде сөздік жұмыс қоршаған ортамен, күнделікті өмірмен тығыз байланыстырыла жүргізіледі. Баланың жасы ескеріліп, жаңа сөздер түрлі ойындар арқылы үйретіледі. Сөйтіп балдырғанның ойлау және сөйлеу қабілеті дамып, сөздік қоры молая түседі.
-Өз жұмысыңыздағы басты ұстанымыңыз қандай, алдағы жоспарларыңызбен де бөліссеңіз?
- Тәрбиеші бала тәрбиелеу үшін ең алдымен өзі ана болуы керек деп ойлаймын. Негізгі ұстанымым осы. Себебі ана жүрегі әрқашан мейірімге толы. Түптеп келгенде, балаға білгенімді үйретсем, тәрбиелесем, жақсы тұлға болып қалыптасуына бір тамшы судай үлес қоссам деп алдына үлкен міндет қоя білген қай тәрбиеші де өз мақсатына жете алады. Алдағы ойым да – заманауи жаңа технологиялармен өз білімімді толықтыра отырып, оны бүлдіршіндерге жеткізе білу.
Қорыта айтқанда, қазіргі балдырғандар – ұлт болашағы. Еліміздің келешегі кемел болуы үшін оның іргетасы мықты қалануы керек. Сондықтан тәрбиешілер де өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, сенім үдесінен шыға білсе, бұдан ата-ана да, мектепке дейінгі ұйым да, түптеп келгенде, тұтас қоғам да ұтады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әсел Ерментаеваның ұстаздың абырой-беделі оның өзіне байланысты екенін, Дәметкен Баенованың мұғалімге құрмет те, мәртебе де қажырлы еңбекпен келетінін айтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Құралай Исқақова ұстазға оқып-үйрену мен ізденуді өмір бойы тоқтатпауы керектігін жеткізді.