Бали маңында паром апатынан қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ – СІМ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Индонезиядағы Бали аралының маңында жолаушылар паромы апатқа ұшырауына қатысты түсініктеме берді.

р
Фото: pixabay

Бұған дейін паромның Ява аралынан шыққаннан кейін шамамен 25 минут өткенде суға батып кеткені хабарланған еді. Reuters агенттігінің мәліметінше, апат салдарынан төрт адам қаза тапқан, 30 адам хабар-ошарсыз кеткен, тағы 31 адам құтқарылған. Құтқару қызметтері іздестіру жұмыстарын жалғастыруда.

Индонезияның іздестіру-құтқару басқармасы кеменің батуына қозғалтқыштағы ақау себеп болғанын мәлімдеді. Паромда 53 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған.

«Алдын ала ақпарат бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ», – деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігі.

Айта кетейік, Индонезияда ұсталған қазақстандықтарға адвокаттар іздестіріліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар