Бали жағалауында ресейлік туристер мінген қайық жарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Индонезияның Бали аралы жағалауында бортында төрт ресейлік турист пен гид отырған қайықта жарылыс болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап.

Бали жағалауында ресейлік туристер мінген қайық жарылды
Фото: Kazinform/ЖИ

Қайық шығанақтан шығып, бағыттағы келесі нүктеге бет алуға дайындалып жатқан кезде оның аккумулятор бөліктері орналасқан артқы жағында жарылыс болған. Артынша өрт шыққан.

Полицияның хабарлауынша, жарылыстан кейін туристер мен гид өрттен аман қалу үшін суға секірген.

Оларды маңайдан өтіп бара жатқан басқа кеме құтқарып, жағаға жеткізген. Қайықтағы адамдардың барлығы аман қалған.

Гидтің айтуынша, жолға шығар алдында қайық техникалық тексеруден өткен. Тексеру қорытындысы бойынша оны жүзуге жарамды деп таныған.

Еске салайық, бұған дейін Анталияда мигранттар мінген қайық пен катер соқтығысып, 14 адам қаза тапқанын хабарлағанбыз.