Балық аулау мен аңшылық кезінде 10 ақмолалық су айдындарында қаза тапты

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысының құтқарушылары өңірдің балықшылары мен аңшыларына судағы қауіпсіздік ережелерін еске салды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Суға кетті
Фото: Ақмола облысы ТЖД

— 1 қыркүйектен бастап, яғни аңшылық пен балық аулау маусымы басталғалы бері, облыс аумағында су айдындарын балық аулауды ұнататын тұрғындар жиі барып жүр. Апаттардың алдын алу мақсатында күзгі аңшылық және балық аулау маусымы басталғалы облыс аумағында рейдтік-профилактикалық шаралар мен патрульдеу жұмыстары жүргізілуде, — деді Ақмола облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Бақыт Абланов брифингте.

Сондай-ақ, өңірдің құтқарушылары аңшылық және балық аулау құралдарын сататын кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істейді. Облыс аумағында 50-ден астам аңшылық және балық аулау дүкені мен 58 ұйым (аңшылық және балық аулауды бақылау ұйымы) бар. Балық аулау құралдарын сату барысында сатушылар азаматтарға балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін еске салып, арнайы жадынама табыстайды.

— Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар барысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы (Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін орындамау немесе бұзу) бойынша әкімшілік шаралар қолданылады. Жыл басынан бері су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 47 адам жауапқа тартылды, — деді спикер.

Алайда жүргізіліп жатқан алдын алу шараларына қарамастан, соңғы 4 жыл ішінде облыс су айдындарында аңшылық пен балық аулау маусымы кезінде 10 адам суға батып көз жұмған.

— Қайғылы оқиғаларға көбіне қайықтағы қауіпсіздік шараларын сақтамау, соның салдарынан қайықтың аударылып қалуы және балық аулау кезінде жеке құтқару кеудешелерін пайдаланбау себеп болды. Осыған байланысты аңшылық пен балық аулауды ұнататын тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамын, — деді құтқарушы.

Оның айтуынша, қайыққа отырмас бұрын оны мұқият қарап, ескек пен құтқару шеңберінің бар екеніне көз жеткізу қажет.

— Қайықтың жиегіне отыруға, қайықты шайқалтуға немесе бір қайықтан екіншісіне ауысуға болмайды. Қайықта отырған адамдар міндетті түрде жеке құтқару құралдарын (құтқару кеудешелерін) киюі тиіс. Қараңғы уақытта балық аулау ұсынылмайды, ал спирттік ішімдік ішуге қатаң тыйым салынады, — деп түсіндірді Бақыт Абланов.

Бұған дейін балық шаруашылығы субъектілерін E-fish жүйесінде тіркеу күшіне енгені хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар