Балық аулауда қандай қауіпсіздік шараларын ескеру керек
Қыс мезгілінде тұрғындар арасында балық аулауға құмар жандар аз емес. Дегенмен кейде олардың тарапынан қауіпсіздік шаралары сақтала бермейді. Бұл төтенше жағдайларға алып келуі мүмкін. Осы орайда Kazinform тілшісі Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жандос Жүгінісовті әңгімеге тартқан еді.
- Қыс мезгілінде балық аулау кезінде азаматтар сақтауға тиіс қарапайым ережелер қандай?
- Балық аулау және шағын көлемді кемелермен аңшылық кезінде сақтық шараларына назар аударылуы тиіс. Мәселен, қайыққа отыру алдында оны мұқият қарап, ескек, құтқару шеңбері мен суды құйып алуға арналған ыдыстың болуына көз жеткізген артық емес. Назар аударарлық жайт, түнгі мезгілде балық аулауға немесе аңшылыққа тыйым салынады. Мұз астынан балық аулаған кезде екіден артық шұңқыр тесуге және от жағуға болмайды. Қайықтың жарамдылығын, оның құтқару жилетімен, шеңбермен және т. б жабдықталуын тексеру қажет.
- Азаматтар өзімен бірге қандай заттарды алып жүруі тиіс?
- Өзімен бірге дәрі-дәрмек қобдишасы, қолшам, жергілікті жердің картасы, өзінің тұрған жерін құлақтандыратын құралы болуы тиіс. Кемелерде, моторлы және қарапайым қайықтарда жеке құтқару құралдарынсыз отырған адамдарға ескерту шарасы көріледі немесе бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 583-бабына сәйкес) салынады.
- Мұздағы қауіпсіздік ережелерін сақтау барысында қандай талаптарға назар аударылуы тиіс?
- Мәселен, мұздың жұқа және қатпаған жерлеріне шығуға болмайды. Мұздың жекелеген учаскелерінде топтармен жиналуға болмайды. Ойықтарға, жарықтарға жақындауға қауіпті жағдайға алып келуі мүмкін. Оған қоса мұз үстіне көлікпен шығудың реті жоқ. Мұз үстінде түнгі уақытта және дұрыс көрінбейтін кезде шығуға рұқсат етілмейді.
- Бұл бағытта Қызылорда облысында қандай іс-шаралар атқарылды?
- Балық аулау кезінде қайғылы оқиғаларды болдырмау, су айдындарында қауіпсіздікті сақтау мақсатында жыл басынан бері облыста 2452 рейдтік профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Бұл бағытта жадынама таратылып, қызметкерлер мен еріктілер профилактикалық жұмыстарға жұмылдырылды. Өкініштісі, жыл басынан облыстың су айдындарында 34 адам қаза болған. Облыс аумағындағы су айдындарында құтқарушылар 3 адамды құтқарды.
Қала аумағында адам көп шоғырланған орындарда дауыс зорайтқыштары арқылы түсіндірме жұмысы жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желі парақшаларында ақпараттар мен роликтер жарияланды. Балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп, облыс көлемінде профилактикалық жұмыс барысында азаматтардың заңсыз балық аулау бойынша 344 дерек тіркелді. Аталған фактіге сәйкес 5 млн 097 мың 100 теңге айыппұл салынды.
- Әңгімеңізге рақмет!
Еске салсақ, бүдан бұрын үсік шалудың қалай алдын алуға болатыны жөнінде маман кеңесі берілді.