Балқаш көлі түбінен 700 мың тоннадан астам тұнба балшық шығарылады
БАЛҚАШ. KAZINFORM — Балқашта Бертіс шығанағының табиғи келбетін қалпына келтіру және су айналымын жақсарту мақсатында ірі көлемде көл түбін тазарту жұмыстары басталды. Үш жылға жоспарланған жоба қазіргі уақытта өңірдегі ең маңызды экологиялық бастамалардың біріне айналып отыр.
Қарағанды облысында Балқаш қалалық жағажайы маңындағы Бертіс шығанағын тазарту жұмыстары ресми түрде басталды. Үш жылға жоспарланған бұл экожоба көлдің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіруге және жағалау аймағының батпақтануын тоқтатуға бағытталған.
Жоба аясында акваторияның тереңдігі үш метрге дейін ұлғайтылады, сондай-ақ жағалау сызығының ұзақ жылдар бойы ластанған бөліктері тазартылмақ. Тұнбаны қазу үшін арнайы балшық тазалайтын кеме қолданылуда, ал жағалауда төрт пульпа жинақтағыш құрылысы басталып кетті. Мамандардың айтуынша, шығарылатын тұнбаның жалпы көлемі 700 мың текше метрден асады.

Тазарту аумағы қала аумағынан бастап Ескі алаң ретінде белгілі Қарамұрын шоқысына дейін шамамен 200 метрді қамтиды. Сонымен қатар, су айналымын тежеп, жағалаудың батпақтануын жеделдеткен төрт ескі пирс бұзылып жатыр.

Нысанда үздіксіз жұмыс жүргізу үшін кері күректі экскаваторлар мен самосвалдар тартылған. Мамандардың айтуынша, жобаның жүзеге асуы көлдің экожүйесін айтарлықтай жақсартып, табиғи процестерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл Балқаштың экологиялық байлығын болашақ ұрпаққа сақтау жолындағы маңызды қадам.

Экология, су ресурстары және тұрақты даму жөніндегі сарапшы Болат Есекин бұған дейін Балқаш көліндегі ластану деңгейінің өсуіне әсер ететін негізгі факторларды түсіндірген болатын.