Балқаш маңында жантүршігерлік жол апатынан жеті адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысында болған жол апатынан жеті адам көз жұмды. Олар оқиға орнында көлікте тірідей жанып кеткен, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.

Жол апаты
Фото: Қарағанды облыстық ПД

Ведомствоның мәліметінше, 5 шілде күні Kia Sedona автокөлігінің жүргізушісі Балқаш қаласына қарай бет алып бара жатып, Ақшатау ауылына жетпей, алдыңғы көліктерді басып озу кезінде жол белгілерін елемей, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеге, кейін криволинейлі тосқауылға соғылған. Қатты соққыдан кейін көлік өртеніп кеткен.

«Алдын ала деректер бойынша, жеті жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Жүргізуші мен тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді», – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы Азамат Ахметов.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Астанада жол апатынан 24 жастағы азамат мерт болды.

Соңғы жаңалықтар