Балқаш ЖЭС-іне қатысты Қазақстан-Корей келісімінің орындалуын Парламент қатаң бақылауға алады - Қ. Мәми

АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - Балқаш ЖЭС-іне қатысты келісімнің орындалу барысын Парламент қатаң бақылауда ұстайтын болады.
None
None

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата төрағасы Қайрат Мәми осылай мәлімдеді.

Еске сала кетсек, палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасы Үкіметі арасындағы Балқаш жылу электр стансысын дамыту, қаржыландыру, жобалау, салу, пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету саласындағы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын талқылаған болатын.

Талқылау барысында депутаттар тарапынан бірқатар мәселелер көтеріліп, оған тұщымды жауап болмағандықтан, Сенат спикері жоба бойынша баяндаған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рауға ескерту жасады.

«Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда бүгінгі заң жобасы аса маңызды. Өйткені, Балқаш ЖЭС-ін салу арқылы Оңтүстіктегі электр қуатының қажетті резерві қалыптасады. Соның арқасында біз электр энергетикасы бойынша басқа елдерге кіраптарлықтан құтыламыз. Алайда, бүгінгі көтерілген көптеген сауалдарға қарағанда, біз осы жобаны дайындау барысында арнайы министрліктердің тарапынан аса салақтық, селқостық кеткенін көріп отырмыз», - деді Қ. Мәми.

Сонымен бірге Сенат спикері аталмыш жобаның қажеттілігіне назар аудара келе, оны қолдауға шақырды. «Мән берсеңіздер, келісімнің аты Балқаш ЖЭС-ін дамыту, қаржыландыру, жобалау, содан кейін ғана салу болып табылады. Сондықтанда біз бұл заңды қабылдауымыз керек. Дегенмен, бұл жобаны қолдай отырып, біз оның орындалуы барысын Парламенттің қатаң бақылауында ұстайық. Күзге қарай дәл осы мәселеге қатысты Қоршаған ортаны қорғау министрі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрін шақырып, Үкімет сағатын өткізетін боламыз», - деді Сенат төрағасы.

Соңғы жаңалықтар