Балқашта 8 жастағы баланы аяусыз соққыға жыққан
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Балқаш қаласының тұрғыны кішкентай ұлын ересек адам азаптағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, сегіз жастағы баланы ер адам аяусыз соққыға жыққан, саусақтарын сындырған және денесін күйдірген.

Оқиға туралы баланың анасы әлеуметтік желіде мәлімдеген. Ол тергеудің тым ұзап кеткенін және күдіктінің полиция мен басқа да мемлекеттік органдарда таныстары бар екенін алға тартады.

— Қоғамнан бей-жай қалмауды өтінемін. Ұлыма орны толмас зиян келтірілді, біз кінәлі адамның жазасыз қалуына жол бермеуіміз керек, — деді әйел.
Қарағанды облысының Полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
— Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр, бірқатар сараптамалар тағайындалды және тергеу-жедел іс-шаралары жоспарланған, — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Күдікті жұмыс істейтін компания да бұл оқиғаға қатысты өз пікірін айтып, алаңдаушылық білдірді және тергеуге барынша көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Компания өкілдері қызметкердің кінәсі дәлелденген жағдайда, оның заң бойынша жауап беретінін атап өтті.
Аталған іс бойынша тергеу барысы құқық қорғау органдарының бақылауында. Қоғам және құқық қорғаушылар оқиғаның одан арғы дамуын жіті қадағалап отыр.
Еске салсақ, әлеуметтік желіде Қызылорда қаласында кішкентай баланы ит талай жаздаған бейнежазба тараған.