Балқашта Халықаралық жастар лагері ұйымдастырылады
Семинарды ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, Экология және орнықты даму институты мен «Балқаш-Нұрсая» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Халықаралық жастар лагері ұйымдастырылатын демалыс кешені Алматыдан - 496, Астанадан - 800, Шымкенттен - 1000, Өскеменнен - 1100 шақырым жерде орналасқан. Ондағы лагер жұмысы маусым-қараша айлары аралығында әрқайсысы шамамен 10 күнді қамтитын 12 маусымға бөлінген. Оған Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей, Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь сияқты тағы басқа да алыс-жақын шет елдердің жоғары оқу орындарының студенттері де шақырылмақ. Лагерде барлық оқу-өндірістік тәжірибе мен демалыс-сауықтыру бағдарламаларын жастар өздері белгілеп, жоспарлай алады. Олар өздерінің болашақ мамандықтарына сәйкес арнайы зерттеу жұмыстарымен айналысып, түрлі тренингтер мен шеберлік сыныптарын және мәдени-көпшілік шараларды да ұйымдастыратын болады. Мысалы, туризм саласы бойынша білім алатындарға демалыс кешенінде тәжірибеден өтіп, сол аумақта арнайы бағыттармен саяхат ұйымдастыруға мүмкіндік беріледі. Ал, биотехнология мамандығын игеріп жатқан жастар демалыс аймағындағы қоршаған орта мен тағам сапасына зерттеулер жүргізе алмақ.