20:31, 13 Желтоқсан 2014 | GMT +5
Балқашта Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 45 жанұя жаңа пәтер кілттеріне ие болды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы Балқашта Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 45 жанұя тұрғын үй жинағы жүйесі бойынша салынған жаңа үйдегі пәтер кілттеріне ие болды, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
«Елімізде Тәуелсіздік күнін мерекелік шаралар мен ғана емес, азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған нағыз істермен тойлау дәстүрге айналды. Мына жаңа үй де соған жатады. Осылайша біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғындардың өмірін жақсарту тапсырмасын орындап жатырмыз», - деді облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Аймақта құрылыс саласына құйылған инвестиция 2014 жылы 21 млрд. теңгеден асты, деп атап өтті ол. «11 айдың қорытындысы бойынша 280 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді», - деп қосты өңір басшысы.
Н. Әбдібеков пәтерлердің бірін аралап, оның иелеріне теледидар сыйға тартты.