03:40, 13 Қазан 2016 | GMT +5
Балқашта жертөледе тұрып келген жасөсіпірімнің ісі қаралды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанда облысының Балқаш қаласында сот жертөледе тұрып келген жасөспрімнің тағдырына қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Балқаш қалалық соты қалалық ішкі істер бөлімінің техникалық колледждің 17 жасар студентін Бұқар Жырау ауданының Керней ауылындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы білім беру ұйымына жіберу туралы өтінішін қанағаттандырды»,-деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.
Азаматтық істен мәлім болғанындай, студент колледжге бармай, қаңғыбастық өмір кешкен. Сол үшін жасөспірімді полиция арнайы есепке қойған. Оның ісін кәмелетке толмағандардың ісін қарау жөніндегі қалалық комиссия өкілдері зерделеді. «Жасөспірім әкесімен бірге жертөледе тұрып келген, ал, онда ешқандай жағдайлар жоқ. Анасының қайда екені белгісіз»,-деп түсіндірді қалалық соттың баспасөз қызметі.