Балқашта жұмысшының қолы станокқа қысылып, ауыр жарақат алды
БАЛҚАШ. KAZINFORM — Балқашта кәсіпорындардың бірінде болған жазатайым оқиғаға байланысты арнайы тергеу жүргізіліп жатыр. 47 жастағы жұмысшы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Оқиға «Монтажник-ЭМ» ЖШС-нің Балқаштағы өндірістік бөлімшесінде токарьлық жұмыстарды орындау кезінде болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 47 жастағы жұмысшы токарь станогында білікті наждак қағазымен тегістеу кезінде оң қолы станокқа тартылып кетіп, ауыр жарақат алған. Оқиғадан кейін зардап шеккен азамат Балқаш қаласының орталық ауруханасына жеткізілді.
Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің мәліметінше, жұмыс беруші болған жазатайым оқиға туралы уәкілетті органға ресми түрде хабарлаған.
— Оқиғаға байланысты жазатайым жағдайды арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссия құрылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып, жұмыс барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуына баға беріліп жатыр, — деп хабарлады Қарағанды облысының еңбек инспекциясы.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен жұмысшының жағдайын орташа ауыр деп бағалап, қазіргі кезде тұрақты екенін мәлімдеді. Науқастың санасы анық, дәрігерлермен байланыста.
— Операциялық емнен кейін науқастың жағдайы тұрақты. Жалпы қан талдауын тұрақты бақылауды қажет ететін постгеморрагиялық анемия сақталып тұр. Лейкоцитарлық реакция бастапқы көрсеткіштермен салыстырғанда төмендеген. Түзетуден кейін қанның ұю жүйесінің көрсеткіштері тұрақты, — деп хабарлады ведомстводан.
Оқиғаның нақты себептері, сондай-ақ өндірістегі еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы жөніндегі түпкілікті қорытынды арнайы тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Айта кетейік, бұған дейін Жыл басынан бері өндірісте 727 жұмысшы зардап шеккені хабарланған еді.