Балконнан секірмек болған елордалық құтқарылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өзіне қол салмақ болған елорда тұрғыны құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТЖД сілтеме жасап.
«ТЖД-ға 15 сәуір сағат 20:59-да елордадағы Бұқар жырау көшесіндегі тұрғын үйдің 5-қабатындағы балконнан ер адам өзіне қол жұмсағалы тұрғаны хабар түсті. Құтқарушылар пәтер ішіне кіріп, ер адамды райынан қайтармақ болған. Айтқанға көнбеген соң ер адамды өрт сөндіретін баспалдақ арқылы құтқаруға тура келді», - делінген департамент хабарламасында.
Ер адам Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментіне тапсырылды. Оны құтқаруға 2 техника мен Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД-ның жеке құрамынан 5 адам жұмылдырылды.
Еске алсақ, кеше елордада үйдің оныншы қабатынан секірген ер адам көз жұмды.