Балтамен тіл үйреткен әже... - Өңірлік баспасөзге шолу
Қызыл бұзау хикаясы һәм шаштың ғарышпен байланысы - «Сыр бойы» газеті
«Сыр бойы» газеті Зеңгі баба турасында айтылып жүрген аңыздың бір парасына назар аудартады. Бұнда аңыз негізінен Зеңгі баба мен Әнуар ана туралы болғанымен, оның астары отбасы сыйластығы мен әдет-ғұрыпына келіп тіреледі. Автор аңызды алға тарта отырып, қазақ келіндерінің орамал тартуы керектігіне мән береді. Әйел адамының шашын жинап жүруі тиістігі айтылады.
«Шаштың адамды ғарышпен байланыстыратын тылсым сыры бар дегенді білесіз бе? Ұзын шаш ғарыштан келген күшті көбірек алады екен, сондықтан оның түйсікке жол ашатын әсері бар. Әйелдің энергетикасы, отбасын сақтайтын жылулықтың бәрі шашта сақталады дейді ғалымдар. Шашты неғұрлым қысқа қиған сайын, соғұрлым әйелдің энергетикасы азая түседі. Қазақтың «шашы ұзын, ақылы қысқа» деп ақылды шаштың өлшеміне салуы тегін бе?»-, деп жазады автор.
Бұдан бөлек, мақала адам шашына күтіммен қарауы тиістігіне үндейді. «Ата-бабамыз ғарыштың сырын тоғызқұмалақ ойнап отырып-ақ білген. Өйткені, адамның аспанмен байланысы іште жатқан сәтінде-ақ басталады. «Бүгінде жұлдызнама деген шықты» дейміз кейде. Жұлдызға қарап болжам айту баяғыдан-ақ бар. Осы біз шашымызға немқұрайлы қарау арқылы көк көлбеп жететін саф байланысымызға селкеу түсіріп алған жоқпыз ба?» деп түйіндейді автор.
Балтамен тіл үйреткен әже - «Жетісу» газеті
«Әрбір ұлт өзінің тағдырын ана тілімен байланыстыруы керек, тіл - ұлттың күретамыры дейміз. Түрлі даналықтарды тізбектеп, деп жатамыз. Бірақ АНА ТІЛІМІЗГЕ деген махаббатымызды, құрметімізді, сезімімізді өзгелерге қалай жеткізіп жүрміз деген сұрақты қойып көрдік пе?!» деп жазады Жетісу газеті. Айтылған мәселеге орай тілші балабақшадан бастап, біраз жердегі тіл мәселесін қауаған. Балабақшадағы сәбилердің ана тілінде тәрбиеленуіне, олардың тілді үйренуіне назар аударылады. Ең бастысы тілді үйретуге шын кірісетіндер мен бұған немқұрайды қарайтындар бар. Мынандай бір мысалды келтіріпті автор:
«Бала күнімде ауылдағы көрші апамыз үйіндегі балта, балға, ара секілді құрал-саймандарды ала сөмкеге салып, қаладағы немерелеріне апарғаны есімде. Сонда ішімнен: «Қаладағы балалар оны не істейді? Үлкен кісілер де ерігеді», - деп күлген едім. Қарап тұрсам, ол күлетін емес, жылайтын жағдай екенін кеш ұқтым. Сөйтсем, қаланың балалары бұл заттардың орысша атауларын ғана білетін болып шықты. Қазақша атауларына келгенде еңселері түсіп, біраз қиналатын сыңайлы. Соны аңғарған әже немерелерінің тіл білмегеніне намыстанып, ауыр темір-терсекті қалаға тасыған. Кейуананың осы әрекетін ерлік деп бағалау керек. Мұның барлығы ұлт болашағы үшін жасалған қадам екенін де кеш түсіндім. Қазір тілге жанашырлық танытатын, тілдің болашағы үшін аянбай тер төгетін жандардың да қатары азайды. Өкінішті-ақ...»
Шынымен, өкінішті. Өйткені, қазір қалада өскен жеткіншектер тұрмыстық құрал-саймандарды былай қойғанда, төрт түліктің қазақша атауын да білмейтін болып шыққан. Орысша сұрасаң ұйықтап жатса да айтып бере алады. Бұған кім кінәлі? Балабақша мен мектепте ғана қазақ, үйде орыс (әйтпесе керісінше) боп жүргендер ме?
Мақаланың түйінін автор «Қазақшасыз Қазақстаннан қорқамын» деп беріпті.
Жаркенттегі құпия жазу будда монахтарының қолтаңбасы емес пе? - «Жаркент айнасы» газеті
Жетісу Алатауында жартастағы «беймәлім жазу» туралы арнайы барып көзбен көріп, суретке түсірген «Жаркент айнасы» газеті жазыпты. Автор тарихшы Қали Ибрайымжанов өңірдің Ырғайлы сайындағы көне жазулар туралы сапарын жатық тілмен жеткізіп, қызықты әңгімелеген екен. Көне жазу тарихы туралы да мәлімет бере кетеді. Ал таудағы жазу туралы әсерін былай жеткізеді: «Алғашқы жазу жан дүниемді жағымды әсерге бөледі, жайлап фотоаппаратымды қолға алып суретке түсірдім. Қытай иероглифіне ұқсайтын сияқты ма, қалай өзі? Жоқ, емесау, емес. Содан сайды өрлеп тағы 400 метр жүргенде сайдың екі жағын ала орналасқан үлкен жақпар тастар бірден көзге түсті. Жалпы, жартас доға тәрізді үлкен үш бөліктен тұрады екен. Екі бөлігі батыс жағында қатарласқан, ал бір бөлігі шығыс жағында жеке орналасыпты. Жартаста бейнеленген тауешкі, атты адам, бұғылар мен арқардың суреттері керемет! Ал жазуларды көріп таң-тамаша болдық. Осыншама ғажайып тарихи ескерткіштердің табылуы, мені аяқ астынан бейне бір алтын көмбеге жолыққандай күйге түсіріп, аңырып тұрып қалдым. Қытайдың, арабтың, парсының, көне түркінің сына жазуларына мүлдем ұқсамайды. Кім, қашан жазды екен? Қай дәуірге тән? Қаншама ғасырларды артқа тастады екен бұл жәдігер?»...
Автор тастағы жазуларды да суреттейді. Жазуынша, онда жабайы және үй жануарлары жартастың жоғарғы бөлігінде суреттеліпті де, төменгі жақ бөлігі біз сөз етіп отырған құпия жазулармен көмкерілген. Тарихшы мұны Сақ, Үйсін дәуіріне жатады деп жорамалдайды. Осы маңдағы тас обаларды да еске салып, сол жорамалын бекіте түседі. «Қорыта айтқанда, осылардың бәрін ой елегінен өткізе отырып, бұл көне жазу «Үйсін жазуы болуы да мүмкін ғой» деген жорамалға тоқтадым. Оған қоса құрметті оқырман, қазақ жерін мекендеген тайпалардың төл жазуының пайда болу мерзімі б.з.д. І мыңжылдық екенін ұмытпаған боларсыз. Әрине, бұл тек өз ойым, бірақ толықтай зерттеуді қажет ететін дүние екендігіне шүбәм жоқ. Жартастағы жазу таңбалары мен жануарлар бейнесін суретке түсіруді аяқтап, тағы бір рет әрқайсысын жеке-жеке мұқият қарап шықтым....Есіме енді түсті, б.з. VІІІ ғасырындағы Қарлұқтар заманында Жетісу жеріне келген тибеттіктер тау-тасқа өздерінің буддалық дұғаларын ойып жазып қалдырғандары туралы деректер бар ғой тарихта. Түркінің Таспар, Ышпара қағандары өз билігі тұсында Будда дініне бой ұрды емес пе? Сөйтіп Тибеттен ламаларды алғызып, Будданың қасиетті жазбаларын түркі тіліне аудартып кеңінен насихаттаған еді. Бұл жазу сол будда монахтарының қолтаңбасы шығар?!», деп түйіндейді автор.
Әлемді билеп тұрған есеп... - «Оңтүстік Қазақстан» газеті
Газетте әрі ғалым әрі өнертапқыш Ғұзыхан Ақпанбекпен сұхбат жарияланған екен. Атасы Мағжан Жұмабаевпен Уфада бірген оқыған оның өз өмірі де таңғажайып оқиғаларға толы ма дерсіз?! Бір қызығы өнертапқыш ақсақалдың жобаларынан шеттен қызыққандар баршылық екен.
«Мектепте машинатану пәнінен сабақ бердім. Сол кезде іштей жанатын қозғалтқыштың, жалпақ тілмен айтқанда, мотор ғой, бензин жанған кезде пайда болатын қуатының көп бөлігі иінді білік пен шатунды қозғалтуға кететінін аңғардым. Содан мотордың иінді білік, шатун, тағы біраз бөлшегі болмайтын моделін жасадым» деген екен. Әлі күнге істеп тұрған бұл моделге ол орыстардан 2 млн. доллар сұрапты. Қызыққан қытайлардан да сол шамада сұраған. Ақсақалдың екінші патенті де тіпті қызық.
«Ол - циркуль. Оның басқалардан айырмашылығы тек шеңберді ғана емес, гипербола, парабола секілді екінші реттегі қисықты да сыза алады. Оны сызудағы дәлдік не үшін керек? Иранда отырып сонау Солтүстік Кореяға ракета атқыңыз келді дейік. Қай қала, қай көше екенін шештіңіз дейік. Ракетаның ұшар жолын есептеп, параболасын сызып болғаннан кейін бұл мәліметтің бәрін компьютерге енгізесіз. Сіз түймені бассаңыз ракета жаңағы сіз сызып берген ізбен ғана ұшады, басқа жолмен ұшпайды. Топ етіп тура төбесінен түседі»...
Бір өкініштісі, бұндай жұмыстарға елімізде қызығушы органдар тым аз екен. Айта кетерлігі, ақсақалдың ғылыми жұмыстары 241 екен. Оның ішінде 100-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбек жариялапты. Сонымен қатар, ақсақал өнертапқыштық, математика, физика, сызба геометриясынан бөлек, тарихпен, басқа да сан түрлі рухани салалармен шұғылданған. Құранды, әбжад ғылымын зерттеуі өз алдына. Әңгіме барысында бұндай әбжад ғылымымен боксшы Серік Қонақбаевтың әкесі Керімбек Қонақбаев та айналысқаны тілге тиек етіледі. Әбжад ғылымы туралы да сөз болады.
«Әбжад (абжад) - араб әліппесінің өзгеше тізілу ретін көрсететін 8 сөздің («абжад», «һаууаз», «хұтти», «каламан», «сағфас», «қарашат», «саххаз», «зазағ») жалпылама аты. Бұл сөздердегі әріптердің жалпы саны 28 болып, әрбір әріп тұрақты бір санды білдірген. Мазмұны - математика. Сөздің, әріптердің өзі математика екен ғой».
Аралас мектеп - ана тілге тұсау - «Арай» газеті
«Арай» газеті де тіл мәселесін көтеріп, аралас мектептердегі жағдайды әлі де пысықтау керектігін, онда түйіткілдер жеткілікті екенін алға тартады. Автордың пайымынша, аралас мектептердегі мемлекеттік тілді оқытудың бүгінгі ахуалы көңіл көншітпейді. Мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылықтың төмендігін де назарға алып, бірқатар мысалдар келтіреді. Мысалы педагог мамандардың өзі бүгінгі оқу әдістемелердің жеткілікті екеніне қарамастан мемлекеттік тілге қызығушылық төмен екенін айтыпты. «Бүгінде мектеп оқушыларына қазақ тілі озық әдістермен оқытылып жатқанына қарамастан, мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген қызығушылық төмен. Өйткені тілдің қолдану аясы өте тар. Әрі аралас немесе қазақ тілінде оқытпайтын мектеп оқушылары күнделікті тұрмыста, қоғамдық орындардағы қарым-қатынаста қазақ тілін қажетсіне қоймайды. Одан соң мемлекеттік тілді оқытуда қолданылатын оқулықтар оқу бағдарламасына сай келмейді. Нәтижесінде қазақ тілі мен әдебиетін оқу бағдарламасына сай оқыту пән мұғалімдеріне де, оқушыларға да қиындық туғызуда. Соңғы жылдары қазақ тілін Ұлттық бірыңғай тестілеу пәндерінен алып тастады. Бұрын аралас немесе қазақ тілінде оқытпайтын мектеп түлектері бұл пәннен міндетті түрде сынақ тапсыратын. Демек, оларға мемлекеттік тілді оқып, үйрену қажеттілігі болды. Ал қазір қазақ тілі тестілеу пәніне жатпайтындықтан, бұл пәнді оқып үйренуге салғырт қарау үрдісі байқалады, - депті ұстаз.
Ұстаздың сөзінің жаны бар екенін жазады автор.
Алимент әке бола ма - «Сарыарқа самалы» газеті
Газеттің жазуынша, соңғы жылдары алимент төлеуге міндеттелген адамдар саны арта түскен. Бұл оны өндірудегі жұмыстардың да көбейгенін білдіреді. Ал ол қалай атқарылып жатыр? Жеке сот орындаушылардың ісі қалай жүруде? Мақалада осы мәселе сараланады. Бұл ретте мамандар туған баласынан безгендерге жазалауды кеңейту дұрыс деген пікір келтіреді. Әйтсе де алимент өндіруде жазықсыз жандар да жапа шегіп жатқан көрінеді.
«Соңғы 10 жылдың ішінде елімізде 1,5 миллионға жуық ерлі-зайыпты ажырасқан. Жылына әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалуда. Осыдан-ақ, толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың санын есептеп шығаруға болады. Жоғарыда жазылғандардан алимент өндіру ісінде талаптың күшейтіліп келе жатқанын көре аламыз. Бірақ бірқатар әрекет алимент төлеушілерді әбігерге салып, мәселелерін көбейтуде. Сондықтан жоғарыдағы жол картасы әр баланың бақытты отбасында тәрбиеленіп өсуіне септігін тигізсе екен дейміз. Шаңырақ шайқалмағанда ғана ата-ана да, бала да алимент мәселесімен соқтықпайтын болады...»
Қасиетті жұма неге «қара жұма» боп өзгере береді - «Ақтөбе» газеті
Мақалада «black friday» шығу тарихына шолу жасалып, оның біздің елдегі көрінісіне де мән беріліпті. Келтірген дерекке қарағанда, қазір бізде ел тұрғындарының 51 пайызы «black friday» деген күн туралы жақсы білсе, 30 пайызы тікелей сауда жасауға шығады екен. Ал әлемдік статистика бойынша «black friday» болатын айдағы сауда-саттық экономикаға шаш-етектен пайда әкеледі екен. Бүгінде мұндай күн жер шары елдерінің жартысына жуығында өткізіледі.
«Иә, мұның барлығы сатып алушыға да, сатушыға да жақсы шығар. Бірақ, бұл күнді «қара жұма» деп айтуға ауыз бармайды. Сол үшін манадан ағылшынша жазып отырмыз. Себебі Ислам дінінде жұма күнін басқа күндерге қарағанда ерекшелеп айтқан. Жұма - күндердің ең ұлығы, күндердің сұлтаны, барша мұсылман үшін ең берекелі күн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде: «Күннің ең қайырлысы - жұма. Адам ата жұма күні жаратылған, осы күні жәннатқа кірген және осы күні жәннаттан шығарылған. Қиямет күні де жұма күні болады», - деген. Жұма күнгі ғибадаттың да орны ерекше. Алла Елшісі жұма күнін кімде-кім құлшылық ғибадатпен өткізіп, Алладан өзіне кешірім тілесе, Алла оны кешіреді деген. Ендеше қасиетті жұма күнін неге біз «қара» деп атауымыз керек?» деп жазады автор.
Оның жазуынша, мұны тек ағылшынша «black friday» деген дұрыс шығар. Өйткені, ағылшын тілінде «in the black» деген тұрақты сөз тіркесі бар, ол «қаржылық тұрғыда табысты» деген мағына береді. Ал біздің тілімізде күндерді «ақ дүйсенбі», «сары сейсенбі», «қара жұма» деп, түстермен белгілемейді. Бізде «сәрсенбінің сәтімен», «қасиетті жұма» деген секілді тіркестер бар. Бірақ «қара күн» деген жоқ, «қаралы күн» деген бар.
«Бұл жағдайда «қара жұма» - «қаралы жұма» сияқты болып естіледі. Сондықтан еліміздегі ірі сауда орындарына, сатушыларға дәл сол күнді өз тілімізге икемдеп, «қара жұма» емес, «қасиетті жұма» деп атауды ұсынамын. Ал бұл күні не базарға, не мешітке баратынын әркім өзі біледі...»
Ауа саудасы қызып тұр - «Орал өңірі» газеті
«Орал өңірі» газеті «ауадан ақша жасап отыр» деген тұрақты сөз тіркесінің тура мағынасы туралы жазыпты. Мақалаға қарағанда, ең қызығы, ауадан ақша жасаушы елдердің қатары жыл санап артып келеді. Олардың қатарында тіпті өзіміздің Қазақстан да бар екен. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын алматылық кәсіпкер «оңтүстік астананың» ауасын темір қалбырға толтыра құйып, ғаламторда сата бастаған. «Алматы ауасы» атты атауға ие табиғи өнімнің бір қалбыры 500 теңгеге бағаланған екен. Мақалада ауаны саудалаушыларға қатысты нешетүрлі таңғажайып деуге келетін оқиғалар айтылады.
«Осындайда халқымыздың «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген мақалы еске түседі. Өйткені әлемде бір жұтым таза ауаға зар болып отырған елдер қаншама?!»....