Балуандық қасиет бозкілемде шыңдалады

АСТАНА. KAZINFORM – 23 мамыр – спорттық күрес күні. Осы орайда Kazinform мерекенің шығу тарихы мен аталған күрес түрлерінің елімізде дамуына үңіліп көрді. 

Балуандық қасиет бозкілемде шыңдалады
Фото: ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы

Бағындыратын белестер аз емес

Атаулы күннің тарихы 1904 жылдан бастау алады. Сол жылы грек-рим күресінен алғаш рет Аустрия астанасы Вена қаласында әлем чемпионаты жалауын көтерген еді. Бұл мейрам түрліше аталады. Кейбіреулер Бүкіләлемдік спорттық күрес күні деп атаса, енді бірі оны Халықаралық спорттық күрес күні дейді. Тағы біреулері Халықаралық күрес күні деп бағалайды. Ол 2014 жылы әуесқой деңгейде сынға түсіп жүрген балуандар ұсынысымен қолға алынған. Басты мақсат – еркін, грек-рим және бүкіл әлемдегі спорттық күрес түрлерін кеңінен насихаттау.

Қазақстандық балуандар спорттық күрес түрлерінен Олимпиада және әлем чемпионатында жоғары орыннан көрініп келеді. Тоқсаныншы жылдарға дейін грек-рим күресінен Жақсылық Үшкемпіров 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында чемпион атанса, Дәулет Тұрлыханов 1988 жылы Сеул Олимпиадасында күміс медаль иегері болды. Ал 1996 жылы күрестің аталған түрінен Юрий Мельниченко елімізге алтын медаль сыйлады. Сондай-ақ әр жылдарда еркін күрестен Ислам Байрамкуов, Геннадий Лалиев, Марид Муталимов, Ақжүрек Таңатаров, Нурислам Санаев, грек-рим күресінен Георгий Цурцумия, Мхитар Манукян, Нұрбақыт Теңізбаев, Даниял Гаджиев, Демеу Жадыраев, әйелдер күресінен Елена Шалыгина, Гузель Манюрова, Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова күміс және қола жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сондай-ақ әлем және Азия чемпионатында ел намысын абыроймен қорғаған балуандар саны аз емес.

балуандар туралы
Фото: Дәурен Жабасовтың жеке мұрағатынан

– Сол жеңісті жолды жалғастырып келе жатқан қазақстандық балуандар көп. Алдымен еркін күреске келсек, екі жыл қатарынан біздің жігіттер әлем чемпионы атанды. 2023 жылы Ризабек Айтмұқан жеңіс тұғырына көтерілсе, 2024 жылы Нұрқожа Қайпанов сол жетістікті қайталады. Былтыр Жәмила Бақбергенова финалдық кезеңде қарсыласына есе жіберіп, күміс медальды қанағат тұтты. Биыл ол сол олқылықтың орнын толтырады деп сенеміз. Жәмила биыл Азия чемпионатында жоғары деңгейде шеберлік көрсетіп, елімізге чемпиондық атақпен олжалы оралды. Ал Париж Олимпиадасынан Демеу Жадыраев күміс медаль еншілеп қайтты. Енді бірер күннен кейін Астанада Қазақстан кубогы өтеді. Онда мықтылар бәсекеге түседі. Аталған кубокта топ жарғандар қыркүйек айында өтетін әлем чемпионатына баруға мүмкіндік алады. Оған Демеу Жадыраев та қатысады. Ол Олимпададан кейін алғаш рет аталған додаға қатысқалы отыр. Айта кетсек, 24-30 мамыр күндері өтетін жарысқа ұлттық құрамның барлық палуаны қатысады. Олардың арасында тек әлем және Азия чемпионы Нұрқожа Қайпанов жоқ, - деді ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов.

грек-рим
Фото: ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы

Спортшыға алдымен мінез керек

Еркін күрестен елімізге белгілі балуандарды тәрбиелеп шығарған белгілі бапкер Әбутәліп Аманов балуанның жоғары жетістікке жетуі үшін алдымен мінез қажет деп санайды. Қызылордалық маман қазірге дейін Дәулет Ниязбеков, Ғалымжан Өсербаев сынды шәкірттерін қатарға қосты.

– Балуанға ең алдымен мінез қажет. Қаншама қарсыласпен боз кілем үстінде тайталасқа түсуің тиіс. Мен шәкірттерімнің физикалық дайындығына мән беремін. Әрбір жас өренді спортқа енді келгеннен шаршатып алмауымыз тиіс. Оларға бірден салмақ салсаң беті қайтып қалуы да ғажап емес. Әрбір дүбірлі додаға осал спортшы келмесі анық. Бәрі де жеңімпаз тұғырынан көрінуді қалайды. Оған қайсысы дайын? Спортшы психологиялық тұрғыдан да осал түспеуі керек. Жеңіске жету жолында әрбір балуан түрлі тәсілге барады. Сол айлаға түсіп қалмауы қажет. Кейде төрешілер тарапынан бұра тарту жағдайы да кездеседі. Сондықтан боз кілем үстіндегі белдесуде балуан барлығына дайын болуы тиіс. Осыдан кейін ғана олар жоғары нәтижеге қол соза алады, - деді Әбутәліп Аманов.

бапкер
Фото: Әбутәліп Амановтың жеке мұрағатынан

Білікті бапкер еңбек жолында 200-ден аса өренді бозкілемде баулыған екен. Шәкірттерінің көбісі талай дүбірлі додада топ жарды. Атап айтсақ, олардың қатарында 1979 жылы спорт мектеп-интернаттары оқушылары арасындағы Кеңес Одағы чемпионатының күміс жүлдегері, КСРО спорт шебері Болат Уайысов, жастар арасында Қазақстан чемпионы, КСРО спорт шебері Әбубәкір Тәжімбетов бар. Сондай-ақ Азия чемпионатының қола жүлдегері, Орталық Азия ойындарының жеңімпазы, КСРО спорт шебері, Мұрат Мәмбетов пен оның бауырлары Қазақстан Республикасының спорт шеберлері Ғазиз және Жомарт Мәмбетовтер сол тізімге енгізілген.

грек-рим
Фото: ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы

Мақсат алға қарай жетелейді

Грек-рим күресінен 2005 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Ермек Көкетов мансабын аяқтағаннан кейін де спорттан алысқа кеткен жоқ. Қазір жоғары оқу орнында шәкірттерге тәлім беріп келеді. Ол жастарға қай кезде өзінің қабілетіне сенім артуы қажет деп санайды.

– Менің жоғары жетістікке жетуіме Виктор Юн секілді ұстазым да жол ашты. Маған тағы бір әсер еткен нәрсе – әкем Алпысбайдың айтқан шешімі. Ол – көп сөзге жоқ адам, нақты айтады. Сол уақытта әкемнің қас-қабағынан ұққаным: бір нәрсені ойға алған екенсің, оны орта жолда тастап кетуге әсте болмайды. Осыдан кейін өзімнің жаным қалаған күрес түрінен жоғары нәтиженің біріне қол жеткізуді алдыма мақсат етіп қойдым. Бұл өмірлік қағидама айналды. 2005 жылы Венгрия астанасы Будапеште өткен әлем чемпионатынжа қола жүлде үшін сайыста Олимпиада мен әлем біріншілігінде жүлде алған кубалықпен жолым түйісті. Қуаныштысы, сол жолы мен өзімнің ойлағанымды жүзеге асырдым. Қарсыласымды қапы қалдырып, қола медаль иегері атандым. Әрине, аталған жарақатым болмағанда одан да жоғары нәтижеге қол жеткізер ме едім. Жарақатым менің толық ашылуыма кедергі келтірді. Бапкерлерім менің бұл жетістігіме оң бағасын берді, - деді Ермек Көкетов.

грек-рим
Фото: ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы
балуан
Фото: ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы
ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы
Фото: ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы

Еске салсақ, бұған дейін әйелдер күресінен 72 келі салмақта Біріккен күрес әлемі ресми сайтында Жәмила Бақбергенова әлемдік рейтингіде көш басына шыққанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар