Бангкокта опырылып қалған жолды қалпына келтіру жұмыстары уақытша тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бангкок әкімі Чадчарт Ситтипуннің мәліметінше, инженерлер Самсен көшесіндегі ойықты жабу үшін тәулік бойы 1500 тоннаға жуық бетон құйған. Алайда құйылған бетонның бір бөлігі жер асты тоннель желілеріне өтіп кеткені анықталғандықтан, қалпына келтіру жұмыстары дереу тоқтатылған. Бұл туралы Lianhe Zaobao басылымы хабарлады.

Чадчарт Ситтипун түсіндіргендей, мамандар алғашқы құйылған бетон толық қатқаннан кейін ғана жұмысты қайта жалғастыра алады. Жоспар бойынша, жалпы көлемі 2400 тонна бетон пайдаланылып, содан кейін тұрақты қорғаныс ретінде бетон қабырғасы салынады.
Әкім жағдайдың бақылауда екенін атап өтті. Жер ойығының өзі тұрақты күйінде қалып отыр, дегенмен өткен түні шамамен 50 сантиметрлік топырақ қозғалысы тіркелген. Бұл қосымша қирауға әкелмеді. Қоршаған ғимараттардың беріктігі басты назарда тұр. Осыған байланысты Самсен көшесіндегі метрополитен полиция басқармасы ғимараты мен жақын маңдағы тұрғын үйлер уақытша жабылды.
Еске салайық, 24 қыркүйек күні таңғы сағат 7 шамасында Дусит ауданындағы Ваджира ауруханасының алдында Самсен көшесі опырылып, ұзындығы мен ені 30 метрді, тереңдігі 50 метрді құрайтын алып ойық пайда болды. Абырой болғанда, апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.