Бангкокта су тасқыны күшейіп, 50 ауданға қауіп төнді
АСТАНА. KAZINFORM — Таиланд астанасы Бангкокта нөсер жаңбырдан кейін су тасқыны болып, қаланың барлық 50 ауданында төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы Kazinform BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
24 қыркүйектен бері Бангкокта жауын-шашын мөлшері 300 мм-ге жуықтаған. Нөсер жаңбыр салдарынан жолдар мен тұрғын үйлерді су басып, кей аудандарда көліктер де жартылай суда қалған.
Қаланың барлық 50 ауданында төтенше жағдай жарияланды. Бангкок губернаторы Чадчарт Ситтипунт бұл жағдай адам өміріне қауіп төндіріп, мемлекеттік және жеке мүлікке зиян келтіруі мүмкін екенін айтты.
Оның сөзінше, ахуал әсіресе астананың шығыс бөлігінде қиын. Арналар суға толып, билік өкілдері суды сорып шығаруды жалғастырып жатыр. Арналардың маңындағы үйлерде тұратын тұрғындар жоғары қауіп аймағында. Оларға заттарын жоғарғы қабаттарға көтеру ұсынылды.
Метеорологтар демалыс күндері Бангкокта найзағайлы жаңбыр жауып, соның салдарынан басқа да арналардың суға толып кетуі мүмкін екенін ескертті. Алдағы аптада да жаңбыр жаууы болжанып отыр.
Бангкоктың негізгі Суварнабхуми әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Дегенмен жолдағы күрделі жағдайға байланысты жолаушыларға әуежайға әдеттегіден екі-үш сағат ертерек шығу ұсынылды.
Әскерилер зардап шеккен тұрғындарды уақытша орналастыру үшін пункттер мен далалық асханалар ұйымдастырып жатыр. Су тасқынынан зардап шеккендерді уақытша орналастыру үшін мектептерді де пайдалану жоспарланған.
Еске салайық, мұның алдында АҚШ-тың шығыс жағалауына дауыл, нөсер жаңбыр және су тасқыны қаупі төнгенін жазғанбыз.