Бангладеште қызылша індетінен 1 147 адам көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Бангладеште қызылша індеті өршіп, 2026 жылдың наурыз айының ортасынан бері 1 147 адам көз жұмды. Күдікті жағдайлардың саны 202 мыңнан асып, қайтыс болғандардың 94%-ын бес жасқа толмаған балалар құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елде биыл әлемдегі ең ірі қызылша өршуі тіркеліп отыр, деп хабарлайды Reuters. 

Бангладеште қызылша індетінен 1 147 адам көз жұмды
Фото: Reuters

ДДСҰ дерегіне сәйкес, 9 қазанға дейін тіркелген 202 мың күдікті жағдайдың 22 мыңы зертханалық тексеру арқылы расталған. Мамандар індеттің өршуін вакцинация деңгейінің төмендеуімен және медициналық көмектің балаларға уақытында жетпеуімен байланыстырады.

2025 жылы Бангладеште қызылшаға қарсы екпенің алғашқы дозасымен қамту 90%-ға, екінші дозасымен қамту 86%-ға дейін төмендеген. Ал ДДСҰ індеттің кең таралуына жол бермеу үшін вакцинациямен қамту деңгейі 95%-ға жетуі қажет екенін атап өтеді.

Көктемде жүргізілген шұғыл вакцинация науқаны кезінде 20 миллионға жуық бала екпе алғанымен, бағдарлама миллиондаған баланы қамти алмаған. Бұған балалар туралы деректердің толық болмауы, дайындықтағы кемшіліктер және шалғай елді мекендерге медициналық қызметкерлердің жете алмауы себеп болған.

Reuters зерттеген деректерге сәйкес, саяси тұрақсыздық, медицина қызметкерлерінің ереуілдері мен вакцина жеткізудегі кідірістер де екпе бағдарламасының әлсіреуіне әсер еткен.

Мамандар Бангладештегі жағдайды басқа елдер үшін ескерту деп бағалап, вакцинация деңгейін көтеру мен денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың маңызын атап өтті.

 Еске сала кетейік, Нью-Йорк штатының губернаторы Кэти Хокул қызылша ауруының таралуына байланысты төтенше жағдай жариялады.