Bank of America басшысы АҚШ банктеріндегі ақаулардың себебін түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Автоматтандырылған киберқауіптердің жиілеуі қаржы ұйымдарын деректерді қорғауға салынатын инвестицияны арттыруға мәжбүрлеп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі FOX Business-ке сілтеме жасап. 

Bank of America басшысы АҚШ банктеріндегі ақаулардың себебін түсіндірді
Фото: signal2forex.com

Bank of America бас директоры Брайан Мойнихан АҚШ-тағы банктер мен технологиялық компаниялардың жұмысындағы соңғы ақауларға хакерлік шабуылдар емес, киберқауіпсіздік жүйелерін үздіксіз жаңарту жұмыстары себеп болғанын мәлімдеді.

Мойниханның айтуынша, жасанды интеллект киберқауіптердің таралуын едәуір жылдамдатқан. Сондықтан ірі қаржы ұйымдары өз жүйелерін үнемі жаңартып отыруға мәжбүр.

Сондай-ақ ол автоматтандырылған киберқауіптерге қарсы тұру үшін Bank of America мен бағдарламалық жасақтама жеткізушілері ЖИ көмегімен жүйелерін үнемі тексеріп, осал тұстарын анықтайтынын және оларды жедел түзетіп отыратынын мәлімдеді. Мұндай тексеру кезінде кейбір қызметтердің жұмысы уақытша бұзылуы мүмкін екенін де жеткізді.

— Біз жүйедегі осал тұстарды жедел түзетумен айналысамыз. Бұл жұмыс барысында кейбір қызметтердің жұмысы уақытша бұзылуы мүмкін. Өйткені ақауларды нақты уақыт режимінде әрі барынша жылдам жою керек, — деді Брайан Мойнихан.

Bank of America аталған қауіптердің алдын алу мақсатында жасанды интеллектке арналған 250 миллион доллар қаржының шамамен 30 пайызын киберқауіпсіздікті күшейтуге жұмсады.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ-тың ірі банктерінде жаппай техникалық ақау болғаны хабарланған еді.