Банк омбудсменіне қалай жүгінуге болады

АСТАНА. KAZINFORM — Егер несие бойынша банкпен келіспеушілік туындап, оларды өзара шеше алмасаңыз, банк омбудсменіне жүгінуге болады. Ол қарыз алушылар мен банктерге өзара ымыраға келуге көмектесетін делдал ретінде әрекет етеді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлім етті. 

Банк омбудсманына қалай жүгінуге болады
Фото: Pexels

Омбудсменнің қызметтері – тегін. Оның басты мақсаты – тараптар арасындағы өзара тиімді шешімге қол жеткізу.

Банк омбудсменіне қандай жағдайда жүгіну керек?

Банк омбудсмені қарыз шартының талаптарын өзгертуге, берешекті қайта құрылымдауға және банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты дауларды қарайды.

Алайда оған келесі жағдайларда жүгінуге болмайды:

  • іс сотта қаралып жатыр немесе сот шешімі шыққан;
  • банктік ұйымға жүгінгенін растайтын дәлелдер болмаса;
  • жаңа мән-жайларсыз қайталанған өтініштер;
  • өтінішті заңды тұлға немесе өкілеттігі жоқ үшінші тұлғалар берсе;
  • микроқаржы ұйымдарындағы (МҚҰ) қарыздар бойынша (бұл жағдайда микроқаржылық омбудсманға жүгіну қажет);
  • мәселе алаяқтық әрекеттерге байланысты болса.

Банк омбудсменіне жүгіну үшін қандай құжаттар қажет?

Қарыз алушы келесі құжаттарды ұсынуы тиіс:

  • банктік қарыз шарты мен төлем кестесі;
  • шартқа қосымша келісімдер (бар болса);
  • банктік ұйымға жіберілген өтініштің көшірмесі және оның жауабы (немесе жауаптың болмауын растайтын құжат);
  • қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттар.

Өтініш қалай қаралады?

Құжаттарды қабылдағаннан кейін, банк омбудсмені мәселені талдап, екі тарапқа да тиімді шешім ұсынады.

Егер қарыз алушы банкпен қайта құрылымдау туралы келісімге келе алмаса, омбудсман оның қаржылық жағдайына сәйкес келетін шарттарды ұсына алады.

Банк омбудсменінің шешімдері қаржы ұйымдары үшін міндетті. Егер қарыз алушы шешімге қанағаттанбаса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы.

Банк омбудсменіне қалай жүгінуге болады?

Омбдусманға келесі тәсілдер арқылы хабарласуға болады:

  • ресми сайт арқылы: bank-ombudsman.kz;
  • электрондық пошта арқылы: office@bank-ombudsman.kz;
  • жеке кездесу: Алматы қаласы, Айманов көшесі, 124, 301-кеңсе, Golden Time БО;
  • телефон арқылы: +7 771 929 33 33.

Өзге де ақпараттармен Fingramota.kz сайтынан танысуға болады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда бірыңғай қаржы омбудсмені офисі құрылатынын жазған едік. 

Ал бүгін Қаржы агенттігі борыш жүктемесін азайтуға бағытталған жаңа қаулы жобасын ұсынды.

Соңғы жаңалықтар