11:50, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Банк жүйесінің орнықтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет «ТұранӘлем Банкі» мен «Альянс Банкін» бақылауына алып отыр
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат – Бұдан бұрын хабарлағандай, банк жүйесінің орнықтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет ақпанның 2-сінде «ТұранӘлем Банк» АҚ мен «Альянс Банк» АҚ банктерін бақылауына алды.

ҚазАқпарат осы тақырып бойынша ақпараттық-анықтамалық материал таратып отыр. Мәселенің мән-жайы мынадай. Үкіметтің ақпанның 2-сі күнгі отырысында ҚР Үкіметі, ҚР Ұлттық банкі, ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау жөніндегі агенттігі және «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының «Альянс Банк» АҚ қатысты бірлескен іс-қимыл туралы қаулысы қабылданды. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау агенттігінің шешімімен «БТА Банк» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы М. Әбілязов және БТА Банк акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ж. Жәрімбетов олардың қызметі салымшылар мен банк кредиторларының мүдделеріне және заңдылық талаптарына сәйкес келмейтіндіктен, қызметтік міндетін атқарудан босатылды. Сол күні жоғарыдағы екі банктің акцияларын сатып алу туралы Үкіметтің шешімін орындау мақсатында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің мәжілісі өтіп, онда «БТА Банк» АҚ акцияларын сатып алу және «Альянс Банк» АҚ құқықтарына иелік етуді ресімдеу жөніндегі қажетті шешімдерді қабылдады. «БТА Банктің» жеткілікті капиталы нормативін орындауға қажетті сома 251,3 млрд. теңгені құрайды. Шешім қабылданған күні яғни, Қазақстан қор биржасындағы ақпанның 2-сіндегі сауданың ашылу сәтіне сәйкес Банкті рыноктық капиталдандыру бір қарапайым акцияға 8 мың 401 теңге бағасы бойынша 70,35 млрд. теңгені құрайды. Осылайша, 29 915 425 акцияны қосымша жариялау қажет. Бұл шара «Самұрық-Қазына» қорының «БТА Банктегі» үлесін 78,14 пайызға қалыптастыруға әкеледі. Ал банктің қазіргі акционерлерінің қолдарындағы акциялары сақтала отырып, олардың үлесі 21,86 пайыз деңгейіне төмендейді. «Альянс Банкінің» ірі акционері болып табылатын «Сеймар Альянс» қаржылық корпорациясы өзіне тиесілі 76 пайыз қарапайым акцияны «Самұрық-Қазына» қорына символдық баға ? 100 теңгеге сатып алуды ұсынды. Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» қоры бұл ұсынысты қабылдады. Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов атап көрсеткендей, «осынау шешімдердің арқасында жүйе құрушы банктер аяқтарына мығым тұр. Барлық салымшылар, заңды және жеке тұлғалардың барлығы, олардың орнықтылығына сенімді бола алады». Айта кету керек, еліміздің банк жүйесі АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстың салдарынан 2007 жылдың аяғында қиыншылықтарға кездесе бастаған болатын, кейіннен әлемдік қаржы дағдарысы да («бірінші толқыны» ) өз әсерін тигізбей қоймады. Жаһандық дағдарыстың «екінші толқыны» салдарынан 2008 жылдың күзінде әлемдік қаржы рыногындағы жағдай ушыға түсіп, қазақстандық банктер үшін ликвидтіліктің сыртқы рыноктары жабылып қалды немесе тым қымбаттауы салдарынан, қолдары жетпей қалды. Капиталдың әлемдік нарығындағы ликвидтілік дағдарысы салдарынан Үкімет 2008 жылы тұтас алғанда елдің қаржы жүйесінің орнықтылығын және оның ішінде екінші деңгейлі банктердің тұрақтылығын арттыру жөніндегі бірқатар шешімдер қабылдады. Басты назар еліміздің жүйе құрушы банктеріне аударылды. Жүйе құрушы банктер мынадай көрсеткіштер бойынша анықталады:
- екінші деңгейлі банктердің жалпы ауқымына қатысты капиталдың көлемімен;
- отандық экономиканы несиелеу рыногындағы үлесімен;
- жеке тұлғаларды несиелеу рыногындағы үлесімен;
- жеке тұлғалардың депозиттер рыногындағы үлесімен;
- екінші деңгейлі банктер төлеген салықтардың жалпы көлеміне қатысты төленген салықтың үлесімен;
- екінші деңгейлі банктерде жұмыс істейтіндердің жалпы санына қатысты ондағы қызметкерлердің санымен анықталады. Осы аталған алты көрсеткіштің әрқайсысы банк жүйесінің жалпы ауқымының 5 пайызынан кем болмауы керек , олай болмаған жағдайда банк жүйе құрушы банктердің тізіміне кіре алмайды.
Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда жұмыс істейтін 36 банктің тек алтауы ғана жоғарыда аталған көрсеткіштердің аясына сыяды. Олар «Қазкоммерцбанк», «Халық банкі», «БТА Банк», «Альянс банк». «АТФ Банк» мен «ЦентрКредитбанк» те жүйе құрушы банктерге жатады, бірақ олардың қажет бола қалса, қаржы рыногындағы жағдай жақсарғанша көмек көрсете алатын ірі шетелдік акционерлері бар. Аталған 6 банк ел экономикасының шикізаттық емес секторының 80 пайыздан астамын қаржыландырып отыр. Қазақстаның қаржы жүйесі мен банк секторының орнықтылығы негізінен, осы банктерге байланысты. 2008 жылы қазанның 24-інде Үкімет банктерге қазақстандық банк секторының орнықтылығы мен ликвидтілігін арттыруға, оларды капиталдандыруды әрі қарай еселеуге бағытталған бірқатар кешенді шаралар қабылдау туралы ұсыныспен шықты, «Самұрық-Қазына» Қоры «БТА Банк», «Қазкоммерцбанк», «Халық банкі» және «Альянс Банк» сияқты жүйе құрушы төрт ірі банкті қосымша капиталдандыру туралы жұмысты бастады. Қарашаның 28-інде аталмыш банктермен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. Меморандумдарға сәйкес, «Самұрық-Қазына» Қорының банктердің капиталдарына кіру, қатысу және шығу шарттары егжей-тегжей келісілетін Меморандумдарды жүзеге асыру туралы келісімге, Акционерлер арасындағы келісімге, Опциондық келісімге қол қойылуы керек болды. Аталмыш меморандумдардың аясында Үкімет пен «Халық банкінің» және «Қазкоммерцбанктің» негізгі акционерлері келісімдерге келді. Осының нәтижесінде бүгінде «Халық банкі» мен «Қазкоммерцбанкке» ұлттық экономиканың нақты секторы үшін қаржылай ақша бөлінді. Бұл мәселе өзінің тиімділігін де көрсетіп отыр: осы қадамның арқасында 2 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі қаражат экономиканың нақты секторына және банктерді капиталдандыруға жедел аударылып отыр. «Қазкоммерцбанк» пен «Халық банкінің» Меморандумдар бойынша өз міндеттемелерін орындауы қаражатты үлестіру жүйесінің ашықтығы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ететіні де маңызды жайт.