Банкрот болып жабылған Петропавл әуежайының қазіргі жай-күйі қалай
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл халықаралық әуежайы ауыр күндерді бастан өткерді — қарызға батты, банкрот болды, жабылды. Бүгінде жағдай қалыпқа келіп, жаңа бағыттар ашылып жатыр. Сенімгерлік басқаруға берілген стратегиялық маңызы бар нысанның бүгінгі жағдайы жайында әуежай директорының орынбасары Уәлихан Жылысбаев айтып берді.

— Уәлихан Әуесханұлы, бірер күн бұрын Мысыр еліне әуе кемесі ұша бастады. Неліктен басқа танымал бағыттарға да рейс ашпасқа, әуежай техникалық тұрғыдан дайын емес пе?
— Жаңа бағыттар ашу үшін, мысалы Түркияға немесе Қытайға делік, белгілі бір талаптарды орындау керек. Рейс қаржылай тиімді болуы шарт, әуе компаниялары алдымен осыған қарайды. Ал біздің қаланың өз ерекшелігі бар, 200 мыңдай ғана адам тұрады. Еңбекақы мардымсыз, яғни тұрғындардың басым бөлігінің материалдық жағдайы төмен, жолаушылар ағынын қалыптастыру оңай емес. Сол себепті әзірге Шарм-эш-Шейхтен бастап отырмыз. Болашақта Түркия бағытын ашуды да қарастырамыз.
Бұған дейін алыс сапарға шығатын әуе кемелерін қабылдау мүмкін болмады. Инвестордың қаражатына қосымша жанармай құюға мүмкіндік беретін жаңа кешенді іске қостық. Барлық чартерлік рейстер әдетте көктемде ұйымдастырылады. Егер әуе компаниясы шешім қабылдаса, біз дайынбыз. Жаңа рейстің қажеттігін көрсету үшін өз тарапымыздан мониторинг жүргіземіз. Бірлескен күш-жігермен нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз, ойлағанымыз жүзеге асқан жағдайда Boeing-тар Түркияға ұшатын болады. Әуе компаниясына да қойылатын бірқатар талап бар, паркін қарайды. Өйткені жылдың басында қолда бар ұшақтар белгілі бір бағыттарға бекітіледі. Жылдың ортасында оны өзгерту қиын. Егер бос ұшақтар тауып, жаңа бағытқа жіберуге ниет етіп жатса, Түркия елін жоспарлап отырмыз.

— Ал ішкі рейстерді ашу жоспарда бар ма?
— Қазіргі уақытта Астана мен Шымкент бағыты сусидияланады. Алматы коммерциялық негізге өтті. Енді «Петропавл-Ақтау» субсидияланған бағытын ашу мәселесін көтеріп жатырмыз, өтінім жіберілді. Кез келген субсидиялық бағыт республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Белгілі бір талаптары және қарау мерзімі бар.
— Жаңа инвестордың келгеніне бес жылға жуық, яғни белгілі бір қорытынды шығаратындай мерзім өтті.
— Бұған дейін «Петропавл қаласының халықаралық әуежайы» АҚ болды. Соңғы бес жыл бойы бұл компания реабилитациялық-банкроттық рәсімнен өтті, бірақ ол нәтиже бермеді. Себебі өте үлкен кредиторлық қарызы болды, қазір банкроттық рәсімнен өтіп жатыр. Осыған байланысты әуежайды «Қызылжар халықаралық әуежайы» ЖШС кейін сатып алу шартымен сенімгерлік басқаруға алды. 2021 жылы бұл инвестор келісімшартқа отырмай тұрып, бір жыл бойы әуежайды күтіп ұстауға қаржы құя бастады. 2022 жылы ғана нысан сенімгерлік басқаруға берілді. Осы аралықта көптеген жұмыс істелді. Ол көзге көріне бермеуі мүмкін.
2022 жылдан бастап инвестор 1,3 млрд теңге құйды. Оның ең бастысы, бұған дейін айтқан, жанар-жағармай кешенін жаңғыртып, қайта құру. Ол 2020 жылы істен шығып, біз келген ұшақтарға қосымша жанармай құя алмадық. Бұдан бөлек жарық-сигнал жүйесі халықаралық талапқа сай қалпына келтірілді. Әуежайдағы барлық техника 1978-80 жылы шығарылған. Оларды жөндеп, жаңғыртуға да қомақты қаржы жұмсалды. Қызметкерлерімізді оқытып, біліктілігін арттыру қажет. Авиацияда тар бейінді мамандар, Алматыдағы азаматтық авиация академиясында немесе басқа арнайы оқу орталықтарында курстан өтеді. Мәселен бір маманды Алматыға он күнге оқуға жіберу орта есеппен бір млн теңге шамасында.
— Жолаушылар нысанның суықтығына, рейстердің аздығына, әуежай қызметкерлері еңбекақының уақытылы төленбеуіне шағымданып келді. Бұл мәселелер шешімін тапты ма?
— Әуежай қызметкерлері бүгінде еңбекақысын уақытында алады. Жалақы аз, өңірдегі деңгеймен шамалас, орта есеппен 200 мың теңге алады. Бізде де маман жетіспеушілігі бар. Әуежай ғимаратындағы температураны қалыпқа келтіру үшін инвестор бүкіл жылыту жүйесін толық ауыстырды. Ол келген кезде нысандағы барлық батареялар қатып жатқан еді. Ағаш жаңқасымен жанатын қазандық орнатылған екен. Оның барлығы ауыстырылды, қазір біздің аяздарға шыдас беретін қазандық тұр, көмірмен жылытылады. Жалпы бүгінде бізде айтарлықтай мәселе жоқ. Жоспарлағанымызды жүзеге асырып, әуежай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Халықаралық авиациялық қауіпсіздік стандарттарына сай, ҚР авиациялық қауіпсіздік бағдарламасы бойынша қызмет көрсетеді. Егер 2021 жылы біздің әуежайдан небары 14 мың адам ғана ұшса, былтыр 126 мың жолаушыға қызмет көрсеттік.

— Қазіргі уақытта әуежай қаржылық жағынан табыс әкеле бастады ма?
— Жоқ, бізде қазір кіріс пен шығысты теңдестіру міндеті тұр. 2024 жылды алар болсақ, шығынымыз 440 млн теңге болды. Оның ішінде 54 млн теңге ғана операциялық қызмет. Ал қаржылық залал — 72 млн теңге. Бұл айырмашылықты инвестор жауып отыр қазір. Әуежай көпшығынды кәсіпорын, үнемі қаржы құйып отыру қажет. Мәселен жарық-сигнал жүйесін әуеден шолу үшін ғана 6 млн теңге жұмсалады. Бұл түнгі уақытта әуе кемелерін ұабылдауға рұқсат алу үшін қажет. Оны жыл сайын жүзеге асырамыз. Сондай-ақ мамандарымызды оқытудың да бекітілген мерзімі бар.
Бұл — коммерциядан гөрі әлеуметтік жоба. Өңірлерде орналасқан шағын әуежайлар арқылы мол табыс табу мүмкін емес. Десек те әуежай — өңірдің даму қарқынын білдіретін маңызды стратегиялық нысан. Авиациялық инфрақұрылымсыз облыстың дамуы мүмкін емес.
Естеріңізге салайық, 2021 жылы Петропавл халықаралық әуежайы банкрот деп танылып, 109 жұмысшының еңбекақы қарызы 27,3 млн теңгеге жеткен еді.
Кейін Петропавл әуежайы сатылымға шығарылды.
