Банкте әйелін пышақтаған ақтөбелік бұзақылық бойынша сотталды

пышақ
Фото: Pexels

Оқиға Хромтаудағы Home Credit Bank-тің бөлімшесінде орын алды. Араққа сылқия тойған ер адам банкте консультант болып жұмыс істейтін әйеліне келіп, оның кеудесі мен иығына пышақ жарақаттарын салды. Каzinform бұл туралы «Диапазонға» сілтеме жасап хабарлайды. 

Пышақтың жүзі сынып, әйелдің иығында қалып қойғаннан кейін, қаскүнем оны денесі мен басынан жұдырықпен ұруды жалғастырған. Мұның бәрі жәбірленушінің әріптестерінің көзінше болды. Әйел ауруханаға жеткізілді. Ал ер адам оқиға орнынан қашып кеткен.

Ол «Кісі өлтіруге оқталу» бабымен сотқа тартылды. Әйел олардың ортақ баласы барын, күйеуі ішімдікті көп ішетінін, шөп шегетінін, өзін және анасын өлтіремін деп қорқытқанын айтты. Жәбірленуші күйеуін кешірмейтінін және соттан оны бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ал айыпталушы әйелін өлтіру ойында болмағанын, керісінше, отбасын сақтап қалғысы келгенін алға тартты.

Сот отырысы барысында прокурор тағылған айыпты «Кісі өлтіруге оқталудан» «Пышақ қолданып бұзақылық жасауға» өзгертті.

Судья ер адамға қоғамдық орында, жұмыс уақытында әйеліне пышақпен шабуыл жасап, денсаулығына жеңіл зиян келтіруді бұзақылыққа жатқызуға болатынымен келісті. Осылайша, ол бұзақылық жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Әйел мен ер адам сотта жауап беріп жатқан кезде олардың арасында заңды неке болмаған.

Соңғы жаңалықтар