Банктен алған несие қарақшыға болды несібе

Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Қарағандылық полицейлер жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында 19 жастағы жәбірленушіге қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топтың бір сыбайласы қолға түсті», - деді Н.Ораз.
Ресми өкілдің атап өтуінше, ақпан айының орта шенінде, күндізгі сағат 12 шамасында үй кіреберісінде екі белгісіз адам жәбірленушіні бас салып, ірі мөлшердегі ақшасын қолды қылған. Зәбір көрген жігіт бұл оқиғаның алдында ғана банктен көлік сатып алу мақсатында 1 млн. 200 мың теңге несие алған екен.
«Қарақшылар жәбірленушіні өз пәтеріне итеріп кіргізіп, телефон сымымен байлап тастайды да денесіне пышақ жарақатын салған. Арамза ойлары жүзеге асқан басбұзарлар ақшаны қолды қылып, оқиға орнынан іздерін суытқан. Қазіргі уақытта аталған қылмысқа қатысы бар 21 жастағы жергілікті тұрғын полицияның тұзағына ілікті, тергеу амалдары жалғасып жатыр», - деді ол.