Банктер 2,7 трлн теңге пайда тапты: несие неге арзандаған жоқ
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі кезде талай қазақстандықтар куә болып жүрген бір ахуал бар: банкке барсаң – несие пайызы жоғары, дүкенге барсаң – бағаның тоқтайтын түрі жоқ. Ал БАҚ-та банктердің табысы артқаны туралы жаңалықтар жиі шығады. Мемлекет инфляциямен күресіп жатса, халық неге қымбатшылықтан бас көтере алмай отыр, банктердің несиесі неге қымбат? Бұл сұрақтың жауабы Ұлттық банктің кеңсесінде немесе банк бөлімшелерінің ішінде емес, бүкіл қаржы жүйесінің қалай құрылғанында жатыр.
Банк ешкімге өз қалтасынан ақша бермейді
Қазір Қазақстанда базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде қалып отыр. Ұлттық банктің 2026 жылғы 23 қаңтардағы шешімі бойынша базалық мөлшерлеме жылдық 18% деңгейінде сақталды. Бұл – кейінгі жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Бір қараған адамға мемлекеттің инфляциямен күресу саясаты халыққа ауыр тиіп жатқандай көрінуі мүмкін. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтереді, банктер несиені қымбаттатады, ал халықтың табысы ол екеуінің қарқынына ілесетін түрі жоқ.
Банктер үшін негізгі және ірі қаржы көздерінің бірі – депозит. Басқаша айтсақ, бұл – банкте уақытша сақталып тұрған ақша. Оның негізгі үш көзі бар: халық, компаниялар және мемлекеттік ұйымдар.
Халық қалай банк депозитінің көзі болып отыр? Жеке өзіңіз депозит ашпаған болсаңыз да, таныстарыңыздан Kaspi, Freedom немесе Halyk банкте депозит ұстап отырғанын естіген боларсыз. Бірі пәтерге ақша жинап жүр, бірі баласының оқуына сақтап жүр, енді бірі «ақша бос жатпасын, пайыз түссін» деп банкке қойған. Банкирлер айтатын «халықтың депозиті» деген – осы.
Екінші көз – компаниялар. Қазақстандағы ірі және орта бизнес күн сайын миллиардтаған теңге айналдырады. Мысалы, дүкендер желісі бір күнде жүздеген миллион теңгенің тауарын сатады. Бірақ бұл ақша бірден түгел жұмсалмайды. Жалақы мен салық төлеуге, жеткізушілермен есеп айырысуға дейін ол қаражат банк шоттарында сақталады. Бұл да – банктің ресурсы.
Үшінші көз – мемлекетке тиесілі ұйымдар мен ұлттық компаниялар. Мысалы, мұнай-газ, теміржол, энергетика, байланыс саласындағы ұлттық компаниялардың айналымы триллион теңгемен есептеледі. Бұл қаражаттың бір бөлігі банк жүйесінде сақталады. Мемлекеттік мекемелер мен түрлі операторлардың қаражаты да банктерде жатады.

Демек, банктердегі ақша – бүкіл экономиканың ақшасы: халықтың жалақысы, компаниялардың айналым қаражаты, ұлттық компаниялардың табысы және мемлекеттік ұйымдардың уақытша бос қаражаты.
Банк ол ақшаны жай ғана сейфте сақтап отырмайды, айналымға жібереді. Қарапайымдап айтсақ, бір адамның депозиті екінші адамның тұтыну несиесіне айналады. Бір компанияның шотындағы ақша кәсіпкердің бизнес несиесіне айналады. Ұлттық компанияның банк шотындағы қаражаты ипотекаға берілген несие болып түрленуі мүмкін. Осылайша банк экономиканың әртүрлі бөліктеріндегі ақшаны қайта бөледі.
Осы жерден тағы да сұрақ туындайды. Бір адамның депозиті екінші адамның несиесіне айналатын болса, банк осы екі адамның арасында неге сонша үлкен пайыз айырмасын ұстайды?
Мұның жауабы банктің «ашкөздігінде» ғана емес. Оның артында инфляция, мемлекеттік шығындар, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі және қаржы жүйесінің құрылымы сияқты бірнеше фактор қатар тұр.
Солардың ішіндегі ең маңыздысы – инфляция.
Банктердің негізгі қаржы көзі депозит болғанымен, бұл - жалғыз ресурс емес. Банктер қажет болған жағдайда ақшаны басқа банктерден, қаржы нарығынан, облигация шығару арқылы немесе Ұлттық банктен қарызға тарта алады. Кейбір ірі банктер сырттан да қарыз алады. Бірақ бұл көздердің құны да базалық мөлшерлемеге және жалпы экономикалық жағдайға тәуелді. Егер елде инфляция жоғары болса және базалық мөлшерлеме көтерілсе, банкке депозит те, облигация да, сыртқы қарыз да қымбаттайды. Осының әсерінен банктің несие беру құны да төмендей алмайды.
Инфляция өсе бастағанда, оны тоқтатуға жауапты орган – Ұлттық банк. Оның негізгі құралы – базалық мөлшерлеме. Мұны қарапайым тілмен банктерге берілетін ақшаның «көтерме бағасы» деп сипаттауға болады. Базалық мөлшерлеме жоғары болса, банктерге ақша тарту қымбаттайды. Өйткені депозиттің сыйақы пайызын көтермесе, халық, компаниялар ақшасын басқа банктердің тиімді депозиттеріне көшіреді. Депозит пайызы көтерілген соң несие пайызы да көтеріледі. Несие қымбаттағанда, адамдар мен компаниялар қарыз алуды азайтады. Осының әсерінен экономикадағы ақша айналымы баяулайды. Бұл инфляцияны төмендетуге көмектеседі.

Бұл саясат сырттай қарағанда банктерге тиімді әсер ететіндей көрінуі мүмкін. Бірақ оның негізгі мақсаты – банктерді байыту емес, инфляцияны бақылау. Ұлттық банк бұлай істемесе, инфляция одан да жоғары болуы мүмкін. Халықаралық тәжірибеде әбден қалыптасқан тәсіл бұл.
Қарапайым адамға бұл процесс бірден байқалмайды. Өйткені бағалар бұрынғыдай тез өсуін тежегенмен, тауарлар мен қызметтер қайта арзандап кетпейді. Ал несие, керісінше, қымбаттай түседі.
Қазақстанда соңғы жылдары экономикаға түсетін ақша көлемі бірнеше көзден өсті. Оның ең үлкендерінің бірі – мемлекеттік шығындар. Мемлекет жыл сайын триллиондаған теңге жұмсайды. Бұл шығындардың басым бөлігі әлеуметтік міндеттемелерге бағытталады. Ерболат Досаев Ұлттық банкті басқарып тұрғанда елдегі қымбатшылыққа халық табысының артуы негізгі түрткі болды деп жауап беріп, көпшілік оны түсінбеген. Шын мәнінде ол сөздің жаны бар еді.
Инфляцияны тежеу Ұлттық банктің міндеті болса, экономиканы қаржыландырып, әлеуметтік төлемдерді арттыру – Үкіметтің міндеті. Ұлттық банк бір жағынан инфляцияны төмендету үшін базалық мөлшерлемені көтеріп, экономикадағы ақша айналымын баяулатуға тырысып жатқанда Үкімет екінші жағынан бюджет шығындарын көбейтіп, экономикаға жаңа ақша жібереді.
Осы қайшылықтың салдарынан инфляциялық қысым ойдағыдай әлсіремей қалады. Мысалы, бюджеттен ай сайын зейнетақы төленеді, мұғалімдер мен дәрігерлер айлық алады, жәрдемақылар беріледі, мемлекеттік қызметші ара-тұра сыйақы алады, түрлі әлеуметтік бағдарламалар қаржыландырылады. Бұл төлемдердің бәрі – нақты адамдардың табысы. Олар бұл ақшаны азық-түлікке, киімге, қызметтерге жұмсайды. Экономикадағы сұраныс осылай артады.
Бұл - өздігінен жаман құбылыс емес. Керісінше, мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Әлеуметтік төлемдер халықтың өмір сүру деңгейін ұстап тұру үшін қажет. Бірақ экономикалық тұрғыдан қарағанда, бұл ақша экономикадағы жалпы ақша көлемін арттырады және оның көлемі өндіріс пен қызмет көрсету көлемінен тез өссе, баға да өседі.
Қазақстанның жағдайында инфляцияға шикізат секторынан түсетін табыс та түрткі болып отырады. Мұнай мен басқа да табиғи ресурстардан түскен ақша мемлекеттік бюджет арқылы экономикаға қайта бөлінеді. Бұл да экономикадағы ақша көлемін арттырады. Салдарынан банктердегі депозит көлемі өсіп, сонымен бірге инфляция да үдейді.
Ал инфляция өскен кезде депозит иелері өз ақшасының құнсызданбауын ойлап, жоғары пайыз талап етеді. Банк бұл талапты орындамаса, депозит қорын азайтып алады. Соның әсерінен несие бере алмайтындай күйге түсуі мүмкін. Осылайша «инфляция → депозит пайызы → несие пайызы» деген тізбек қалыптасады.
Банктер қалай «байып» жатыр?
Базалық мөлшерлеме инфляцияны бірден тоқтатпайды. Ол тек экономикадағы ақша ағынын біртіндеп тежейді. Бұл әсер толық сезілу үшін уақыт керек. Кейде 3-6 ай керек болса, кейде тіпті бірнеше жыл қажет болып жатады. Ал осы аралықта банктер жаңа жағдайға тез бейімделе алады. Кейінгі жылдары Қазақстанда депозит пайызы айтарлықтай өсті. Бірақ несие пайызы депозиттен әрқашан жоғары болады. Мысалы, банк депозитке 15 пайыз төлесе, ол несиені дәл 15 пайызбен бере алмайды. Себебі несиенің бір бөлігі қайтарылмауы мүмкін. Оның үстіне банк өз қызметкерлеріне айлық төлейді, ғимараттар мен банкомат желісін, онлайн банкинг жүйесін ұстайды, салық төлейді. Сондықтан депозит пайызы мен несие пайызының арасында айырмашылық болады. Бұл айырмашылық - банк маржасы деп аталады.
Ұлттық банктің ресми кестесіне сүйенсек, Қазақстан банктерінің пайыздық маржасы әркелкі. Орташа деңгей шамамен 7 пайыздың маңайында, бірақ нақты көрсеткіштер әр банктің бизнес-моделіне, клиент базасына және қаржы құрылымына қарай құбылып тұр.
2025 жылғы 1 желтоқсандағы ресми дерек бойынша:
- Halyk Bank – 7,3%
- Kaspi Bank – 8,9%
- Банк ЦентрКредит – 6,1%
- ForteBank – 6,7%
- Bereke Bank – 7,0%
Бұл – жүйеқұраушы ірі банктердің маржасы. Олар негізінен нарықтың орташа диапазонында жұмыс істейді.
Басқа банктерде маржа көрсеткіші мынадай:
- Отбасы банк – 4,2%
- Еуразиялық банк – 4,7%
- Фридом Банк Қазақстан – 4,3%
- Altyn Bank – 5,4%
- Шинхан Банк Қазақстан – 5,6%
- Нұрбанк – 5,4%
- RBK Bank – 0,4%
Кейбір банктерде маржа бұдан жоғары:
- Alatau City Bank – 8,6%
- Ситибанк Қазақстан – 10,5%
- Home Credit Bank – 16,0%

Банктер осы маржа есебінен:
- депозит иелеріне пайыз төлейді;
- несие қайтарылмай қалған жағдайдағы шығынды жабады;
- операциялық шығындарын өтейді;
- салық төлейді.
Әдетте осы шығындардан кейін барып банктің таза пайдасы қалыптасады.
Ұлттық банктің ресми статистикасына сүйенсек, 2025 жылы Қазақстандағы банктер 2,7 трлн теңге таза пайда тапқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,7% өсім көрсеткен. Ал 2024 жылы өсім қарқыны 17% болған еді.
Ұлттық банктің ноталары
Базалық мөлшерлеме көтерілген кезде банктердің табысы тек депозит пен несие арасындағы айырмашылықтан ғана емес, Ұлттық банктің ноталары арқылы да өсуі мүмкін. Ноталар Ұлттық банкке экономикадағы артық ақшаны уақытша «сорып алуға» көмектеседі. Өйткені банктерде уақытша бос ақша көбейіп кетсе, олар бұл ақшаны жаппай несиеге бере бастайды. Несие есебінен ақша көбейгенімен, тауар көлемі бірден артпайды да, салдарынан баға өседі. Осындай кезде Ұлттық банк банктерге «Уақытша бос ақшаң болса, оны әзірге несиеге жібермей, маған сал. Мен саған пайыз төлеймін» деген ұсыныс жасайды.
Қарапайым тілмен айтқанда, ноталар арқылы шамадан тыс көбейген ақшаның бір бөлігі уақытша айналымнан шығарылады.

Егер базалық мөлшерлемені Ұлттық банк белгілесе, онда неге банктерге несие мен депозит арасындағы айырманы, яғни спредті, шектемейді? Неге Ұлттық банк несие мен депозит арасындағы айырмашылық 3-4 пайыздан аспау керек деп талап қоймайды?
Ұлттық банк базалық ставканы белгілейді, бірақ әр банктің нақты қандай пайызбен несие беретінін тікелей басқармайды. Себебі банк - коммерциялық ұйым. Ол ақшаны белгілі бір тәуекелмен береді. Мысалы, банк несие берген адамның немесе компанияның оны толық қайтаратынына 100% кепілдік жоқ. Банк пайызға тек өз пайдасын ғана емес, осы тәуекелді де қосады.
Дамыған елдерде бұл мәселе басқаша шешілген.
Онда банктердің негізгі ресурсы тек депозит емес. Олар ұзақ мерзімді ақшаны инвестициялық қорлардан, сақтандыру қорларынан және зейнетақы қорларынан алады.
Мысалы, зейнетақы қорлары ондаған жыл бойы жиналатын қаражатты басқарады. Бұл ақша қысқа мерзімде алынбайды. Сондықтан оны ұзақ мерзімді несиеге қауіпсіз түрде беруге болады. Бізде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын қаржы нарығына емес, нақты экономикаға бағыттау белең алған.
Қазақстанда да инвестициялық қорлар бар. Бірақ олардың басым бөлігі банктердің экожүйесінде шоғырланған. Елдегі ең ірі банктердің барлығы дерлік өз инвестициялық компанияларын құрған:
Halyk Bank – «Halyk Finance», Bank CenterCredit – «BCC Invest», ForteBank – «ForteFinance», Freedom Bank – «Freedom Finance Global» және «Freedom Finance», Jusan Bank – «Jusan Invest» инвестициялық компаниясы.
Бұл компаниялардың барлығы формалды түрде жеке заңды тұлға болғанымен, негізгі акционері – банк немесе сол банкке тиесілі қаржы холдингі.
Банк өзіне тәуелді инвестициялық холдинг арқылы клиентті толық экожүйеде ұстап қалады. Мысалы, клиент жалақысын сол банктен алады, депозитті сол банкте ұстайды, инвестициялық қорды сол банктің компаниясы арқылы сатып алады, несиені сол банктен алады.
2000 жылдардың соңында және 2010 жылдардың басында Қазақстанның бірнеше ірі банкі өзімен байланысты компанияларды белсенді қаржыландырды. Бұл несиелердің бір бөлігі кейін қайтарылмай қалып, салдарынан кейбір банктер банкротқа ұшырады. Солардың көбі мемлекет қолдауымен ғана аман қалып, банк секторын сауықтыруға триллиондаған теңге жұмсалды. Бұл жағдайдан кейін реттеу күшейтілді. Бірақ банк жүйесінде мұндай тәуекел болған сайын банктер жалпы несие саясатын сақтықпен жүргізеді. Банк тек нақты бір компанияның тәуекелін емес, бүкіл жүйедегі тәуекелді ескеріп, несие пайызына қосымша қорғаныс үстемесін қосады. Бұл да несие пайызының жоғары болып қалуына әсер ететін факторлардың бірі болды.
Мемлекет бұған неге жол беріп отыр?
Дамыған елдерде инвестициялық қорлар банктерден тәуелсіз жұмыс істейді. Олар банктерге бәсекелес бола алады немесе банктерге ұзақ мерзімді арзан қаржы береді. Қазақстанда жағдай керісінше екенін айттық. Бірақ бұл шешімнің тарихи және практикалық себептері бар.

Қазақстан тәуелсіздік алған кезде толыққанды қаржы нарығы болған жоқ. Инвестициялық қорлар, басқарушы компаниялар және дамыған капитал нарығы қалыптаспаған еді. Сондықтан мемлекет қаржы жүйесін банк секторына сүйене отырып дамыту жолын таңдады. Бұл бастапқы кезеңде тиімді болды. Банктер тез қалыптасты, халықтың сенімі пайда болды, қаржы жүйесі жұмыс істей бастады.
Қазақстан қазір осы өтпелі кезеңнен толық шыққан жоқ. Қаржы жүйесі жұмыс істеп тұр. Бірақ ол әлі де банктерге қатты тәуелді.
Нарықтық экономикаға өткен көптеген елде қаржы нарығының толық қалыптасуы шамамен 10-20 жыл ішінде жүрді. Мысалы, Польшада 1990-2010 жылдары толыққанды инвестициялық нарық қалыптасты. Чехияда да 1990-2010 жылдары, Оңтүстік Кореяда 1980-2000 жылдары өтпелі кезең болды.
Қазақстан нарықтық жүйеге тоқсаныншы жылдардың ортасында өтті. Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, банктер әлі негізгі қаржы көзі болып отыр. Инвестициялық қорлар шағын, облигация нарығы шектеулі, ұзақ мерзімді қаржы көздері аз, яғни өтпелі кезең шынымен ұзаққа созылып барады.
Оның басты себебі – экономиканың құрылымы. Қазақстан – шикізаттық экономика. Бұл қаржы нарығының дамуын баяулатады. Егер елде мыңдаған өндірістік компания бар болса, олар облигация шығарып, инвестициялық қорлар оларды сатып алған болар еді. Осылайша қаржы нарығы тез дамушы еді. Бірақ Қазақстанда ірі экономиканың үлкен бөлігі мұнай мен металға тәуелді. Мемлекеттік немесе квазимемлекеттік сектордың үлесі орасан. Компаниялар қаржыны көбіне шетелден немесе мемлекеттен алады, яғни ішкі қаржы нарығын толық пайдаланбайды.
Мемлекет экономикада үлкен рөл ойнап отыр. Ірі активтер ұлттық компанияларда жатыр. Ал ұлттық компаниялар квазимемлекеттік сектордың бақылауында. Бұл жеке қаржы нарығының табиғи дамуын баяулатады.
«Бізге үкіметтік банктер керек»
Тағы бір маңызды себеп – халық табысының деңгейі. Дамыған қаржы нарығы болу үшін халықтың жинағы көп болу керек. Мысалы, АҚШ-та халықтың инвестициялық қорларда триллиондаған доллары бар. Ал Қазақстанда халықтың негізгі жинағы депозитте жатыр немесе мүлде жоқ. Кейбір сарапшылар кейінгі 3-4 жылдың көлемінде ақшасын депозитке салатын халықтың үлесі азайып бара жатқанын айтып, дабыл қағып жүр.
Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, елдегі банк активтерінің, депозиттердің және несиелердің едәуір бөлігі санаулы ғана қаржы институттарының үлесінде. Halyk Bank, Kaspi Bank, Банк ЦентрКредит және ForteBank сияқты бірнеше ірі банк нарықтың басым бөлігін қамтып отыр.
Бұл құбылысты экономистер олигополия деп атайды, яғни нарықта ойыншылар формалды түрде көп болғанымен, негізгі шешуші рөлді санаулы ғана ірі қатысушылар атқаратын жүйе қалыптасқан.
Мұндай жағдайда банктер бір-бірімен бәсекеге түседі, бірақ нарық толық бытыраңқы емес. Бұл несие пайызының қалыптасуына да, қаржы ресурстарының экономикада қалай бөлінетініне де әсер етеді.
Сондықтан халық арасында «Еуропада немесе араб елдерінде несие неге арзан? Неге сол елдердің банктерін Қазақстанға кіргізіп, бәсекені күшейтпейді?» деген заңды сұрақтар туындайды.
Ұлттық банктің алғашқы төрағасы Ғалым Байназаровтың айтуынша, бұл жағдай кездейсоқ қалыптасқан жоқ. Оның пікірінше, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекет банк жүйесін ашудан бұрын, ең алдымен өз ұлттық қаржы институттарын қалыптастыруға және нығайтуға басымдық берді.

– 1993 жылғы заңда бейрезидент банктердің филиалдарын ашу қаралмаған болатын. Ол Қазақстанның ішкі нарығындағы банк қызметі сегментін шетелдік қуатты банктердің үстемдігінен қорғау және жаңа өсіп нығайып келе жатқан отандық банктердің мүддесін қорғауды көздеуден туындаған еді, – дейді ол.
Оның пайымдауынша, қазір отандық банктер технологиялық тұрғыдан шетелдік банктерден қалыспайды, бірақ қаржылық ресурс базасы әлі де әлсіздеу.
– Мұндай жағдайда бейрезидент банктердің бақылаусыз келуі елдің индустриялық саясатына және қаржы жүйесінің тәуелсіздігіне әсер етуі мүмкін. Осы мәселелерді ойластырып, оған дұрыс мән беріп, үкімет өзі сенетін және өзіне сүйеніш бола алатын, әсіресе ауыл экономикасын, кіші кәсіпкерлікті дамытатын, өзіндік даму құралдарын, өзінің (үкіметтік) әмбебап банктерін құрғаны жөн. Бұдан жекеменшік банк жүйесінің нарықтағы «нишасы» тарылмайды. Себебі ауыл экономикасы және кіші бизнес – олар бармай отырған, оларға қызғылықты емес «нишалар», - дейді Ғалым Байназаров.
Банк саласын реттеудің қазіргі саясатында сарапшы айтқан қатерлер ескеріліп отыр деуге болады. Ал оның қаншалықты тиімді болатынын іс жүзінде көру үшін уақыт керек. Қазір мемлекет банк секторына жаңа ойыншыларды, соның ішінде шетелдік банктерді де кіргізуге дайын екенін ашық айтып отыр.
Біріншіден, жаңа банктердің пайда болуын жеңілдететін жаңа лицензиялау тәртібі енгізілді. Бұрын Қазақстанда банк ашу үшін өте үлкен капитал, күрделі талаптар және ұзақ бюрократиялық рәсімдер қажет болатын. Бұл жаңа ойыншылардың келуін іс жүзінде шектеп тұрды.
Қазір заңнамаға «базалық банктік лицензия» деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл – толыққанды әмбебап банк лицензиясына қарағанда жеңілдетілген нұсқа. Мұндай лицензиямен жұмыс істейтін банк бастапқы кезеңде барлық операцияны бірден емес, белгілі бір шектеулі бағытта ғана жүргізе алады. Кейін біртіндеп кеңеюге мүмкіндік беріліп отыр. Бұл механизм жаңа банктердің, соның ішінде цифрлық банктердің және шетелдік қаржы институттарының Қазақстан нарығына кіруін жеңілдетеді.
Екіншіден, бұрын шетелдік банк Қазақстанда жұмыс істеу үшін міндетті түрде жеке еншілес банк құруы керек болатын. Бұл қымбат және күрделі процесс еді. Қазір филиал форматында жұмыс істеуге мүмкіндік қарастырылып жатыр. Бұл жерде Ғалым Байназаров айтқан ұлттық банк жүйесін қорғау саясаты толық өзгеріп кеткен жоқ, бірақ біртіндеп жұмсарып жатыр. Мемлекет сыртқы ойыншыларға есікті толық ашып тастап отырған жоқ. Бірақ оларды белгілі бір деңгейде кіргізуге дайын.
Үшіншіден, мемлекет банктердің экономикаға несие беруін арттыруға тырысып жатыр. Соңғы жылдары банктердің табысы өсіп жатқанымен, олардың негізгі бөлігі тұтынушылық несиеден түсіп отыр. Ал өндіріс, инфрақұрылым және бизнес несиесі баяу өсіп келеді.
Сондықтан жаңа заңдар мен реттеу талаптары банктерді экономиканың нақты секторын көбірек қаржыландыруға ынталандыруға бағытталған. Банк тек халыққа несие беріп қана қоймай, кәсіпорындарды, өндірісті және ұзақ мерзімді жобаларды да қаржыландыруы керек деген саясат қалыптасып жатыр.
Төртіншіден, мемлекет қаржы нарығының инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте бастады. Қазақстан қор биржасы, Астана халықаралық қаржы орталығы және жаңа қаржы институттары осы мақсатта дамытылып жатыр. Бұл институттардың міндеті – қаржы нарығын тек банктерге тәуелді жүйеден біртіндеп әртараптандырылған жүйеге айналдыру.
Қазақстан ұзақ уақыт бойы банкке сүйенген қаржы моделімен өмір сүрді. Енді сол модельдің негізін сақтай отырып, оны біртіндеп ашық әрі бәсекелі жүйеге айналдыру кезеңін бастап кетті.
Сонымен, банктер таяу арада несиені арзандатпайды, өйткені:
- инфляция жоғары
- базалық ставка жоғары
- депозит қымбат
- тәуекел жоғары
- нарық олигополиялық
- ұзақ мерзімді арзан ақша жоқ.
Сондықтан банктердің табысы өсіп жатқанына қарамастан, несие пайызы автоматты түрде төмендей алмайды. Несие арзандауы үшін ең алдымен инфляция тұрақты түрде төмендеуі, базалық мөлшерлеме төмендеуі және қаржы нарығында бәсеке күшеюі керек. Бұл – бір күнде немесе бір шешіммен өзгеретін жағдай емес. Несие пайызының төмендеуі инфляцияның тұрақты бәсеңдеуіне, базалық мөлшерлеменің төмендеуіне және қаржы нарығындағы бәсекенің нақты күшеюіне тікелей байланысты, яғни мәселе жеке банктердің шешімінде емес, бүкіл қаржы жүйесінің құрылымында жатыр.