Банктер қолданыстағы ипотекалық кредиттерін қайта қаржыландырады ? Кәрім Мәсімов

АСТАНА. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Банктер қолданыстағы ипотекалық кредиттерін қайта қаржыландыратын болады.
None
None
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр-Отан» ХДП фракциясының отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Осыған дейін 1 млрд. доллар көлеміндегі қаражат Ұлттық қордан «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына бөлінген болатын. Біз осы қаражатты пайдалана отырып, құрылыс саласы мен ипотекадағы мәселелерді шешетін боламыз. Біріншіден, банктер қолданыстағы ипотекалық кредиттерін қайта қаржыландыратын болады. Қайта қаржыландыру бірқатар санаттағы азаматтарды қамтиды және бұның өз өлшемдері болады. Атап айтқанда, бұл ипотекалық кредит болуы тиіс. Тұрғын үйдің аумағы 120 шаршы метрден аспауы шарт және осы үй отбасы үшін жалғыз баспана болуы керек. Сондай-ақ, бұндай кредиттерді төмендету бағдарламасына кіретіндердің екінші деңгейдегі банктерде мерзімінен асып кеткен қарыздары болмауы тиіс. Ал оның қандай мерзім екенін біз әлі нақтылай жатамыз», деді К. Мәсімов. Премьер-Министрдің айтуынша, бұл кредиттерді төмендету бағдарламасына жататын азаматтар, оның ішінде әлеуметтік қызметкерлер үшін кредит ставкасы теңге бойынша 9 пайыздан аспауы қажет. Ал басқа санаттағылар бойынша ставка 11 пайыздан аспауы тиіс. «Яғни, бұл бағдарламаға кіретін барлық санаттағы азаматтар өздерінің бұрынғы кредиттерін қайта қаржыландыра алады. Сондықтан да кредиттерді арзандату бағдарламасы нақты проблемаларды шешеді. Ал бұндағы депозиттер мерзімін 20 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды», деді К. Мәсімов.
Соңғы жаңалықтар