Банктерді экономиканың нақты секторын несиелеуге ынталандыру тетіктері жоқ – Олжас Төлеуов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Банктердің экономиканың нақты салаларын кредиттеу үшін ынталандыратын тетік жоқ. Мұндай пайымды Jibek Joly телеарнасының «JJ Talk» бағдарамасында қонақта болған ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазір мөлшерлеме 16% жоғары. Ол несиенің қымбаттауына әкеледі. Неге 16% жоғары!? Себебі инфляция деңгейі әсер етеді. Дегенмен қазір инфляция төмендеп жатыр. Жалпы кредит процесі тек мөлшерлемеге қатысты емес, ол жерде институциолдық негіздер бар. Біріншіден, бүгінде жалпы ішкі өнімге шаққанда нақты секторды несиелеу көлемі 8% дейін төмендеген. Мәселен, 5 жыл бұрын ол 25% болған. 2005-2007 жылдарды алатын болсақ, онда әлдеқайда көп еді. Қазір банк жүйесінің моделі өзгеріп кеткен. Бүгінгі таңда көп шаралар тек тұтынушылық кредитке бағытталған. Несиенің үлесінде 60% астамы –тұтынушылық кредит

, - деді Олжас Төлеуов.

Төраға орынбасарының пікірінше, қазір осы банктердің орнына нақты салаларға Үкімет қаржы бағыттап отыр. Атап айтқанда, шығынның жартысынан көбін жабу үшін мемлекет субсидия бөледі.

Экономикалық теорияға келсек, бізде өндіру факторлары бар. Ол фактордың бірі – инвестиция. Егер осы төмендесе, елде қарқынды экономикалық дамудың болуы мүмкін емес. Енді бизнесті несиелеудегі инвестицияға қарасақ, ондағы ақша негізінен –мемлекеттік қаражат. Өйткені, Үкімет қолдау көрсетеді және қаржы нарығының орнын басып отыр. Қазіргі банктердің бизнес моделі – өз қаражатын 16 пайыздық Ұлттық банктің нотасына құяды. Сондықтан да нақты экономиканы кредиттеуге оларда ынталандыру жоқ

, - деп түйіндеді сарапшы.

Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қаржы нарығындағы қазіргі жағдайды айта келе, банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кеткеніне тоқталды.

«Былтыр негізгі капиталға салынған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15 пайыз болды. Бұған негізінен еліміздегі банктердің экономиканы дамытуға белсенді атсалыспауы себеп болып отыр. Мұндай ахуал Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейді. Бұл тәсіл тиімсіз, көп қаражатты талап етеді әрі нарықтық экономика қағидаларына қайшы келеді.Сонымен бірге нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар