17:40, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Банктердің капиталына мемлекеттің қатысуы төтенше және уақытша шара болып табылады - Ұлттық банк төрағасы.
АЛМАТЫ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ұлттық банк ақпаның 5-інен бастап қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 9,5 пайызға төмендетеді.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ұлттың банк төрағасының айтуынша, бұл қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін алғашқы кезекте жасалған қосымша шаралардың бірі. Енді наурыздың 3-інен бастап екінші деңгейдегі банктерге қойылатын ең төменгі резервтік талаптар ішкі міндеттемелер бойынша 2-ден 1,5 пайызға дейін және өзге міндеттемелер бойынша 3-тен 2,5 пайызға дейін төмендетіледі. Бұл банк жүйесіне 50 миллиард теңге мөлшерінде өтімділікті беруге мүмкіндік береді. «Ұлттық банк өз тарапынан өтімділікті қолдау үшін қажет болған жағдайда «БТА банк» пен «Альянс банкке» жеткілікті көлемде қысқа мерзімді заемдарды ұсынады. Бұл банк жүйесінің тұрақтылығын, салымшылар мен кредиторлар тарапынан оған деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді. Банктердің олардың алдындағы міндеттемелерінің уақтылы орындалуын қамтамасыз етеді. Банктердің капиталына мемлекеттің қатысуы төтенше және уақытша шара болып табылады.