Бапкерлерім жеңіске деген жігерімді жаныды – Оразбек Асылқұлов

АСТАНА. KAZINFORM – World Boxing аясындағы өткен турнирде 2026 жылғы Азия чемпионы атанған Оразбек Асылқұлов (60 келі) алтын жүлдесі жөнінде пікірін білдірді.

Бапкерлерім жеңіске деген жігерімді жаныды – Оразбек Асылқұлов
Фото: ҰОК

Отандасымыз Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан құрлықтық додада үндістандық Сачин Сачинті 3:2 есебімен жеңді

– Жекпе-жек мен үшін оңайға түскен жоқ. Алғашқы раундта қарсыласыма есе жібердім. Одан кейін бапкерлерім ақыл-кеңесін берді. Нәтижесінде екінші раундта басымдық таныттым. Осылайша бапкерлерім жеңіске деген жігерімді жаныды. Құрлықтық додаға үлкен дайындықпен келдік. Ендігі кезекте құрама сапындағы басқа да боксшылар жеңіс тұғырынан көрінеді деген ойдамын. Жалпыкомандалық есепте бірінші орынға таласауға бар күшімізді саламыз деген ойдамын, - деді Оразбек Асылқұлов.

Осыған дейін қазақстандық боксшы іріктеу кезеңінде филиппиндік Пол Джулифер Басконды жеңсе, ширек финалда жапониялық Шунсуке Китамото шаршы алаңға шығуға бас тартуына байланысты отандасымыз жарыстың келесі сатысына өтті. Жартылай финалда Оразбек өзбекстандық Абдурахмон Махмуджоновты қапы қалдырды. 

Айта кетсек, ел құрамасынан бұдан бұрын Сабыржан Аққалықов (75 келі) өзбекстандық Жавохир Абдурахимовты жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ Төрехан Сабырхан (70 келі) иорданиялық иорданиялық Зейад Ишаишке есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Соңғы жаңалықтар