Бар игіліктің бастауы - еңбек - Г.Шайхиниязова

Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалы қоғамдық-саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Гауһар Шайхиниязова өз ойын былайша білдірді.
Оның айтынша, өз заманында ғұлама Абай:
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге,
Бес нәрседен қашық бол,
Адам болам десеңіз,
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ -
Бес дұшпаның, білсеңіз,
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой, - десе, бүгінде тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті де барша халықты еңбекке, саналы білім алуға шақырып отыр.
Елбасы еңбек қоғамын құруды министрліктерге, «Нұр Отан» партиясына жүктей отырып, нақты тапсырмалар берді. Еңбек қоғамын арнайы белгіленген мекемелер ғана емес, барша халық болып құруымыз қажет. Қазақта «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деген сөз бар. Бүгінгі қоғам «жаны тәттілерден» гөрі, «наны тәттілерге» сусап отыр.
Адамды өсіретін - адал еңбек, ащы тер. Тұлғаны еңбекқор етіп тәрбиелеу отбасынан басталуы керек. Баланы кішкентай кезінен бау-бақша баптауға, мал бағып, үй шаруасына көмектесуге баулыған жөн. Ондай бала болашақта өз нанын өзі тауып жеуге дағдыланады. Бүгінде арамызда дипломдарын құшақтап, күрек ұстап жұмыс жасауды ар санайтын жастар жоқ емес. Олардың кейбіреуі жұмсақ жер, жылы орынды қалайды. Биіктіктің төменнен басталатынын ұмытып та кетіп жатамыз. Әр адам еңбек майданында шыңдалуы тиіс. Сонда ғана саналы еңбек, сапалы нәтиже шығады деп есептеймін. Бұл өмірде барлық игілік, жақсы тұрмыс, бәрі адам еңбегімен жасалады. Сондықтан әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз. «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясы көз жетпейтін көкжиекте ойлап табылмаған. Бұл - практикалық, прагматикалық идея. Еңбек мектебі - біздің шыңдалу, өнегелі өмір мектебіміз» деді Елбасымыз.
«Ендеше, барша заңғар замандастарыма «Жас келсе, іске!» деп, еліміз үшін, отбасымыз үшін, өзіміз үшін ерінбей еңбек етейік дегім келеді», - деді Г.Шайхиниязова.