Бәрі мұнайшы болғысы келеді: Маңғыстауда мал шаруашылығы неге кейіндеп қалды
АҚТАУ. KAZINFORM — Статистикаға сәйкес, аймақта 4 мыңнан астам шаруа қожалығы тіркелген. Онда 550 мыңға жуық мал басы бар. Қазір шаруалар төрт түліктің аналық басының азығына жұмсалатын шығын құнын арзандатуға арналған субсидияға өтінім беруді бастады. Осы орайда Kazinform тілшісі шаруа қожалықтарының жағдайымен танысып, кәсіпкерлердің мәселесін тыңдады.

Мұхит Лесбаев — облыста мал шаруашылығын дамытуға үлес қосып отырған жас мамандардың бірі.
Ол басқаратын «Рам» шаруа қожалығында түйе, сиыр және жылқы өсіріледі. Шаруа алдағы уақытта қой сатып алуды жоспарлап отыр.
— Мал шаруашылығымен көптен бері айналысамыз. Жағдайымыз жақсы. Шаруашылық болғасын шытырман оқиғалар көп болады ғой, бірақ жалпы бәрі дұрыс. Субсидияға өтініш бердім. Сол қаражатқа қой алуды жоспарлап отырмын. Қойды да тауып қойдым. Сонда төрт түлік түгенделеді, — дейді шаруа.
Мұхит Лесбаевтың шаруа қожалығы Жаңаөзен қаласынан 35 шақырымда, Сенек ауылының аумағында орналасқан. Ол төрт түлікті жан-тәнімен жақсы көріп, баптайтынын айтады.
— Мал бағу ата кәсіп қой. Жақсы көремін малдың артынан жүргенді, көбейгенін, оны өсіргенді. Сүтін, етін пайдаланамыз, — дейді ол.
Дегенмен, мәселе де жоқ емес. Шалғайда мал бағып, кәсіп жүргізу үшін шаруаның өзіне байланыс желісін орнатуға тура келген.
— Малшы ұстайсың, оның жағдайын жасамасаң болмайды. Әйтпесе, жақсы жер тауып кетіп қалады. Төрт түліктің және жұмысшының жағдайын жасап бересің ғой. Оңтүстік Үстірт деген жер бар бізде, Жаңаөзеннен 210-220 шақырымда, байланыс жоқ. Сол жерге өз күшімізбен байланыс желісін орнаттық. Ай сайын оған 60 мың теңге төлейміз. Мемлекеттен көмектесетін болса, шаруаларға жағдай жасағанын қалаймыз. Малшылармен байланыста отырсақ, ойдағы, қырдағы ел пайдаланатындай байланыс орнатып берсе, — дейді «Рам» шаруа қожалығының иесі Мұхит Лесбаев.
Шаруа мемлекеттік қолдауларды хабарлап, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін маман тапшылығына тоқталды. Соған арнайы бөлім ашып, маман бекітуді сұрайды.
— Мемлекеттен қаншама қолдау, жеңілдіктер бар - соның бәрін өз игілігімізге пайдаланғымыз келеді. Ол үшін сауат керек. Қазіргі малшыларға оқып, таныс десең проблема көреді, айналып өтеді ондай мәселелерді. Сол үшін түсіндіру керек. Қарапайым қойшыға, жылқышыға түсіндіру керек. Сондай маманды кәсіпкерлер палатасына немесе әкімдікке отырғызу керек. Ауызша түсіндіру керек. Топ құрып, ауылдарды айналып шығу керек пе, білмеймін. Түсіндіру жұмыстарын өте көп жасау керек, — дейді ол.
«Ернұр» шаруа қожалығының иесі Жарас Берішбаев кәсіпте су тапшылығын көріп келеді. 200-ге жуық жылқыны суару үшін суды тасымалдап отыр. Екі жыл бұрын арнайы мамандардың көмегіне сүйеніп, құдық қаздырған. Алайда, су қоры өте аз болып шыққан.
— Су таситын көлікпен су жеткізіп суарамыз. Соған көлік жүргізуші алсақ, оның айлық жалақысына көмек берілсе, 50 пайызына көмек көрсетілсе, жақсы қолдау болар еді. Басқа жерден тағы да құдық қаздырғым келеді. Құдық қазуға 50 пайыз субсидия қарастырылған ғой, бірақ жинайтын құжаты өте көп екен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы соған заңға сәйкес қолдау көрсететінін айтты, — дейді Жарас Берішбаев.
Жарас Берішбаевтың шаруа қожалығы Маңғыстау ауданы аумағында орналасқан. Кәсіпкер тек жылқы бағады. Айтуынша, бұл салада жұмысшы табу қиын.
— Жылқы бағатын адам табу қиын. Жарық мәселесі тағы бар. Күннен электр энергия алатын қондырғыға бұрын субсидия берілетін. Қазір оны алып тастады. Шаруаларға жағдай жасалса, өңірде мал шаруашылығының дамуына, ет бағасының арзандауына септігі тиер еді, — дейді «Ернұр» шаруа қожалығының иесі Жарас Берішбаев.
Шаруа мемлекеттен төрт түліктің жемшөбіне үлкен қолдау көрсетіліп отырғанын алға тартты. Ол жуырда 42 бас жылқының жемшөбіне қаражат алу үшін субсидияға өтініш берген.
«Балауса» шаруа қожалығының иесі Бекмұрат Қожашев мал шаруашылығын дамыту үшін бірнеше рет мемлекеттік көмекке жүгінген. Соның арқасында қазір біраз мал жинап, соның жемісін көріп отыр.
— 2017 жылы бұрынғы атакәсіпті қайта бастап, жер алып, қожалық аштым. Жылқы өсіремін. Қыстауым Болашақ ауылы жақта, жайлауым Төлеп ауыл маңында. Несие алып, оған жылқы сатып алып, өсіріп бастадым ғой. Кейін жұбайымның атына да шаруашылық ашып, ол үйде ешкі сауып, өнімін сатып отыр. Қазір бір отбасына жететіндей дәрежеге жетіп қалдық. Қолдаудың арқасында бір жанұяға жететіндей мал жинадық. Күзде мал сойып, халыққа ет өткіземіз. Біз жеке шаруа қожалығы болғанмен оның сүті мен еті халыққа ғой, — дейді Бекмұрат Қожашев.

Бекмұрат Қожашев биыл Маңғыстаудың шаруаларына көңіл бөліне бастағанын айтады. Өзара бірігіп, «Маңғыстау шаруа қожалығы» бірлестігін ашқан. Алда атқарылатын жұмыстың жоспары жасалып жатыр.
— Бірлестікті ашқанша 16 талап қойдық. Ветеринар маманның тапшылығы, субсидия, жол салу, байланыс орнату мәселелерін шешуді сұрадық. Өйткені Маңғыстауда мал шаруашылығы артта қалып қойған. Жастар шаруамен айналыспайды, шетінен мұнай саласына жұмысқа кіргісі келеді. Ертеңгі күні нағыз өзімізге керек азық-түлік ет пен сүттен айрылып қаламыз ба деп біріктік. Қазір ауыл шаруашылық басқармасымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Жаңадан жұмыс жүре бастады. Жоспар дайындап, облыс әкімдігімен талқылап, біраз жұмыс жасалып жатыр, — дейді шаруа.
Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дастан Мұраталиевтің айтуынша, бүгінде мал азығы субсидиясына 1028 өтінім түскен.
Өтінім қабылдау 20 желтоқсанға дейін жалғасады. Өтінімді subsidy.plem.kz сайты арқылы беруге болады.
— Маңғыстауда төрт түліктің аналық басының азығына жұмсалатын шығын құнын арзандатуға арналған субсидияға өтінім қабылдау 16 шілдеде басталды. Көмек алу үшін қажетті құжаттарды тапсырып, өтініш беру қажет. 12 айдан асқан қой-ешкінің әр аналық басына — 6 298 теңге. 18 айдан асқан ірі қара малының әр аналық басына — 25 194 теңге. 18 айдан асқан түйе малының әр аналық басына — 25 194 теңге. 36 айдан асқан жылқы малының әр аналық басына — 25 194 теңге қарастырылған, — дейді басқарма басшысы.
Бұған дейін мал шаруашылығына арналған жаңа несие бағдарламасы іске қосылатынын жаған едік.