Алматы «барахолкасында» кәсіпкерлер мен базар басшылығы арасында дау туындады

базар
Фото: Александр Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматылықтар арасында «Барахолка» атымен танымал базардың сауда орталығында кәсіпкерлер мен ғимарат иесінің арасында дау туындады. Кәсіпкерлер ғимараттың жарығын өшіріп, сауда орындарын жауып тастаған компания қожайынына шағымданып отыр. Осы орайда,  Kazinform тілшісі оқиға орнына барып, кәсіпкерлермен және ғимаратқа иелік ететін компания өкілімен кездесті.

«Еуразия» орталығында сауда жасайтын кәсіпкер Сәуле Абдуллина ғимарат 2014 жылы 67 кәсіпкердің қаражатына салынғанын айтады. Оның айтуынша, орталықтың алғашқы қожайыны оларға үлескер ретінде сауда орындарына меншік иелігін беруге уәде берген.

«2014 жылы мемлекеттің талабымен біз осы ғимаратты тұрғыздық. 67 кәсіпкер 5,5 миллион доллар жұмсадық. Әр квадрат метрге 2 мың доллар кетті. Мысалы, екі бутиктің көлемі 40 квадрат метр болса, оған 80 мың доллар және төтенше жағдайға арналған есікке жеке 1,5 мың доллар жұмсадық. Біз Овсянников Игорь Николаевич және Алмабек Тәшімбетовпен 20 жылғы жуық жұмыс істедік. Біздің сенімге кірген Овсянников «Жер менен, ал құрылысқа ақша сендерден» және «Пәтер секілді сата аласыңдар, жалға бере аласыңдар, балаларың мен немерелеріңе қалады» деді. Біз келістік. Содан 2014 жылы құрылыс басталды, 2015 жылы біз ішіне кірдік», - деді Сәуле Абдуллина.

Дегенмен кәсіпкерлердің айтуынша, ғимарат қолданысқа берілген кезде оның алғашқы иесі құрылысқа ай сайын салынған қаражат туралы қолхатты құртып, оның орнына меншік иелері екенін дәлелдейтін клуб картасын берген. Онда кәсіпкердің аты-жөні, ЖСН және басқа да ақпараттар көрсетілген. 

базар
Фото: Александр Павский/Kazinform

«2018 жылы «Еуразия» сатылып жатқанын естіп, біз Овсянниковты шақырдық. Ол Мәскеуден келді де, «Мен бұл жерді 10 миллионға сатсам, сендерге ақшаларыңды қайтарамын, ал егер 3-4 миллионға сатсам, жаңа адам сендерді меншік иесі ретінде қабылдайды, мен сендерді таныстырамын» деп уәде берді. 2022 жылы Шамил Әбіш деген адам келіп, ғимаратты сатып алғаны туралы айтты. Ал 2022 жылы желтоқсанда бізге 15 қаңтарға дейін бізден ғимаратты босатуды талап етті. Біз бұл талаппен келіспей, прокуротураға, әкімдік пен құзыретті органдарға арыз жаздық. Мен базарға 90 жылдары келдім. Қазір жасым 50-ден асты. Мен отбасымды асырап отырған бұл жерден кетпеймін», - деді кәсіпкер.

Кәсіпкерлердің айтуынша, биыл мамыр айында ғимаратқа иелік ететін компанияны Divi ретінде қайта құрылып, кәсіпкерлерге жалға алу туралы келісімшарт ұсынылған. Бірақ саудагерлер бұл құжаттан бас тартып отыр. Себебі онда кәсіпкерлердің бутиктерге иелік ететіні көрсетілмеген.

«6 мамырда Divi деген компания ашылды. 14 мамырда бізге келіп, келісімшартқа қол қойыңдар дейді. Біз бұл келісімшартқа келіспейміз. Өйткені біз жалға алушылар емес, бұл жерде меншік иесіміз. Бізде кім, қанша ақша бергені жазылған үлескерлердің тізімі бар. Қазір адамдар неге далада қалуы қажет? Алатау ауданы әкімдігінде кездесу өткіздік. Біз әр бутиктің меншік иесі ретінде тіркеуді, коммуналдық қызметтер мен сауда үйінің жұмысын ұйымдастыруға, яғни тазалық, күзет қызметтеріне ғана төлем алуды талап еттік. Егер оған келіспеген жағдайда құрылысқа жұмсалған 5,5 млн долларды қайтару керек болды. Сол кездесуден кейін олар Divi ЖШС-ына ауыстырып тастады. Енді бізге қысым жасалып жатыр. Электр тоғын өшіріп, есіктерімізді мөрлеп жауып тастады. Прокурордан рұқсат алыпты-мыс. 2023 жылы 14-15 қаңтарда қылмыстық іс қозғалды», - деді Сәуле Абдуллина.

Кәсіпкерлер шағымына байланысты Divi ЖШС-ның заң бөлімінің басшысы Қайсар Жамулдиновқа хабарластық. Компания заңгері кәсіпкерлердің шағымы ғимараттың алғашқы қожайынына бағытталғанын айтады. Сондай-ақ оның айтуынша, саудагерлер тобы заңды түрде кәсіп жүргізіп, салық төлеуден жалтарып отыр. 

базар
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Кәсіпкерлер өздерін меншік иесі деп санайды. Олардың шағымы алғашқы қожайынға бағытталған. Біз мұнда иелік етіп отырған төртінші заңды тұлғамыз. Олардың айтуынша, алғашқы қожайын оларға кей жерлерге меншік иелігін беруге уәде берген. Бірақ бұл тек олардың айтуы бойынша. Өткен жылы сот процестері болды. Сот олардың өтінішін қанағаттандырған жоқ. Қазір бұл жердің заңды иесі олардан көлеңкелі кәсіптен шығып, басқа сауда орталықтарында секілді заң жүзінде келісімшартқа отырып, жұмыс істеуді талап етіп отыр. Бірақ олар мұндай өзгерісті қаламайды. Өйткені олар табыс көзін заңды түрде көрсетуі керек болады, яғни салық төлеулері қажет», - деді Divi компаниясының өкілі.

Ол сондай-ақ ғимарат бүгінгі күні Дастан Жантілевке тиесілі екенін, бірақ ол компанияны тікелей басқара алмайтындықтан Divi ЖШС-ымен сенімгерлік басқару шартын жасағанын атап өтті. 

базар
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Ғимарат бүгінгі күні Дастан Жантілевке тиесілі. Ол заңды сатып алушы. Сатып алу кезінде кәсіпкерлер тобы келісім күшіне енбейтіндей заңды арыз-шағымдарын тіркеген жоқ. Өйткені бұл топ Овсянников есімді тұлғаға ешқандай қатысы жоқ үшінші адамның мүлкіне таласа алмайтындарын түсінеді. Біздің білуімізше, олар Овсянников үстінен ақшаны алаяқтық жолмен иемдену фактісі бойынша арыз жазған. Ал бізге ешқандай заңды шектеулер қойылған жоқ. Ғимарат тіпті заттай дәлел ретінде қабылданбады. Егер сот шешімі шығып, онда кәсіпкерлердің меншік иелігі туралы көрсетілсе, әрине біз оны орындаймыз. Бірақ қазір жағдай ұнаса да, ұнамаса да ғимарат бізге тиесілі. Біз тек қана заңды құқықтарымызды пайдаланып жатырмыз», - деді Қайсар Жамулдинов.

Divi компаниясының заңгері 128 бутиктің 56-сы қандай да бір байланыс орнатудан бас тартқандықтан, олар электр көзінен ажыратылып, есіктері мөрленгенін айтады. Сонымен қатар кәсіпкерлер алдағы уақытта компания талабын орындамайтын болса, бұл жағдайдың қайталануы мүмкін дейді ол.

«16 мамыр күні біз барлық мемлекеттік органдардың қатысуымен кездесу өткіздік. Онда көлеңкеде жұмыс істеуді тоқтатып, кәсіпкерлердің құқықтары сақталуы үшін келісімшарт негізінде жұмыс істеуге шақырдық. Бірақ олар жалға алу туралы келісімде оларды меншік иесі ретінде көрсетуді талап етіп отыр. Бірақ бұл миға қонымсыз жағдай ғой. Қалай біз жалға алушыны меншік иесі ретінде көрсетеміз? Егер өкінішке қарай, біздің талаптарымыз орындалмаса, олар болашақта ғимаратқа кіре алмайды. Біз тіпті оларға шартты бұзу туралы хабарлама жібере алмаймыз, өйткені ешқандай шарт жасалмаған», - дейді компания өкілі.

Қайсар Жамулдинов сөзінше, компания басшылығы алдағы уақытта кәсіпкерлермен Атамекен алаңында кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum