«Барахолка» бойындағы жабайы саудаға бақылау күшейтіледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Барахолка маңындағы Солтүстік айналма жол бойында бейберекет сауда жасау мәселесі әлі де өзекті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева мәлім етті.

Спикердің сөзінше, «Барахолка» бойындағы жабайы саудаға бақылау күшейтіледі.
– Сәуір мен мамыр айларында біз рейд жұмыстарын күшейттік. Бірақ өздеріңіз көріп отырғандай, күн жылынып еді саудагерлер қайта шыға бастады. Біз бұл бағытта жұмысты жалғастырамыз, полиция департаментімен бірлесіп рейдтер ұйымдастырамыз, тиісті шаралар қабылданады, - деді Жетісу ауданының әкімі.
Оның айтуынша, жабайы саудамен күресу үшін қосымша шаралар қарастырылып жатыр.
– Қазір бірқатар шара пысықталып жатыр. Бұрын әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамаларды тек полиция қызметкерлері ғана толтыра алатын. Қазір осы өкілеттікті аудан әкімдігінің мамандарына да беру мүмкіндігі қаралу үстінде. Яғни, нақты сауда орындары анықталса, басқа мемлекеттік органдардың көмегін күтпей-ақ, өзіміз барып, хаттама толтыра алатын боламыз. Бұл мәселе әзірге талқыланып жатыр, - деп түсіндірді Ляззат Жылқыбаева.
Осыған дейін «Ялян», «Алатау», «Сәлем» және «Байсат» базары бойындағы жабайы сауда нүктелері жойылғаны туралы жазғанбыз.
Сондай-ақ Алматыда ірі сауда базарлары жаңартылып жатыр.