Бәріңгел. 18 баласын аштық, 19-шы перзентін соғыс жалмаған ананың хикаясы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 9 мамыр ресми түрде Жеңіс күні ретінде мерекелер тізімінде тұрғанымен, мейрамнан гөрі тарихи салмағы басым, өткеннен сабақ алуға лайықты дата. ҚазАқпарат осыны ескеріп, екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл зардабын жалғыз ананың қасіреті арқылы баяндайтын танымдық материал ұсынуды жөн көрді.

Уақыт қайғыны да, қасіретті де ұмыттырады дейтін сөз рас болса керек... Жылдар жылжыған сайын біздің қоғам екінші дүниежүзілік соғыстың қисапсыз зардабы туралы барынша аз айтып, дәлелді-дәйексіз ерліктерді мейлінше әспеттеуге әуестеніп барады. Бәлкім бұл бойымызға батпандап кірген совет идеологиясының мысқалдап болса да шықпай жатқанынан болар. Сол тенденцияның жетегінде кетпейік деген ниетпен осыдан 70 жыл бұрын әйгілі Қара Ертістің бойындағы Қорған деген ауылды түгел егілткен аянышты оқиға туралы баяндамақпыз. 18 баласын аштық жұтып, он тоғызыншы перзентін соғыс жалмаған ана мен Бәріңгел атты иттің тағдырын бізге жергілікті тұрғын айтып берді.

Зайсан ауданындағы 40 үйлі шағын ауылдан екінші дүниежүзілік соғысқа 26 азамат аттанып, бірен-сараңы ғана тірі оралады. Жаһан соғысын осындай күйзеліспен өткерген Қорғанда соғыстан кейінгі алғашқы перзент 1947 жылдың 2 мамырында дүниеге келіпті. Ауыл халқы ырымдап оның атын Жеңісбек қояды. Бізге Бәріңгелдің оқиғасын көңілі бордай егіле отырып баяндаған сол Жеңісбек Кәрібаев.

Қазір орнында саяқ қоралар ғана қалған мекенде ол кезде шағын ауыл болғанын айттық. Әміре әжей мен Орынбай ақсақалдың ауласында Бәріңгел атты көкала күшік пайда болғанда Жеңісбек ақсақал 6-7 жаста ғана екен.

18 баласын аштық жалмап, сүзектен өлгенде де құдайға шағым айтып көрмеген момын ана он тоғызыншы ұлы майданға кеткенде де тілегін көппен бірге жалғап, күшіктің атын ырымдап Бәріңгел қояды. Ондағысы «Менің 18 баламның өтеуіне тірі жүрген жалғызым ғана емес, осы ауылдан аттанған 26 азамат түгел аман келсін» деген аңғал тілеуқорлық еді.

Әрі қарай хикаяны Жеңісбек ақсақалдың өз сөзімен баяндайдық.

Фото Жеңісбек Кәрібаевтың жеке мұрағатынан

«Үлкендердің айтуынша, Орынбайдың отбасы Қорғанға Дайыр ауылынан соғыс басталардың алдында көшіп келіпті. Зайыбы Әміре – он тоғыз құрсақ көтерген ана. Соның 18-і аштық кезінде бірінен кейін бірі сүзектен көз жұмып, жалғыз ұл тірі қалған. Соғыс басталғанда оған да шақырту келіп, майданға аттанады.

От пен оқтың ортасында жүрген жалғыз ұлдың амандығын тілеп отырған Орынбай мен Әміре бір күні көкала күшік асырап алып, атын ырымдап Бәріңгел деп қойды. Жалғыз ұлдың соңынан «қара қағаз» келгенде де Әміре әжей үмітін үзбей, Бәріңгелмен күбірлеп сырласуын жалғастыра берді.

Әжейдің 13 жасында тұрмысқа шығып, 19 құрсақ көтергенін біз төбетке айтқан әңгімесінен білдік.

«Тар құрсағымды кеңітіп, тас емшегімді жібіткен әр перзентімнен айырылған сайын құдайдан «Бергеніңді алсаң да, береріңді ала көрме!», - деп тілеуші едім», - деп күрсіне күбірлеп отыратын.

Бірде ауылға «Қуандық соғыстан келді!» деген сүйінші хабар жетті. Жанының бодауына бір аяғын беріп қайтқан майдангер Орынбайдың немере інісі болатын. Әмеңгерлік салты бойынша Әміренің келінін алды...

Тағы бір жолы Нұрғазының баласы Ерлік «қара қағаздың» да қателесетінін паш етіп, ауылға оралды. Осы жайттың бәрі Әміре ананың көкейіндегі «Менің жалғызым да аман келсе екен» деген тілекті шоқтай қыздырып, үмітін еселеген.

Көп өтпей Бәріңгел мен Әміре әжей тосын әдет тауып алды. Ол кезде Қара Ертістің суы мол, Тұғылдан (іргедегі Тарбағатай ауданының ауылы) Қытай шекарасына дейін пароход қатынайды. Ерлік пен Қуандықты сол пароход елге жеткізгенін Әміре әжей жақсы білетін. Сонадайдан пароходтың түтіні будақтап көрінгенде ішкен асын жерге қоя салып, Бәріңгелді ертіп өзен жағасына аяңдайды. Ойын қамымен жүріп ит пен әжейге талай ұшырастық. Өзенге қарай шыққанда Әміренің аяғына қуат бітіп, көзінде үміт ұшқындап, жіті басып бара жатады. Пароход бұлардың үмітін тағы бір мәрте жерлеп, қайта гүрілдеген кезде қарт ана бағанағы қуатынан айырылып, ілби басып, үйіне қайтады. Сыралғы төбет те иесінің күбірі мен еңкіш тартқан жүрісінен көңіл күйін бірден сезіп, құлағы салбырап, пұшайман күйге түсіп бара жатады. Келе-келе Әміре әже мен Бәріңгелді жолықтырсақ, қақ жарылып жол ашатын болдық. Өйткені қайғы меңдеген әжейдің күбірі көбейіп, мінезі ауырлай бастаған еді.


Қара Ертіс жағасындағы көңілсіз «серуендердің» бірінен кейін Әміре әжей Бәріңгелді бықпырт тигендей қуып жүріп сабады. Әуелі алаңсыз мөлиіп жатқан төбетті таяғымен бүйірінен нұқып қалған. Итке де жан керек, шоршып түсті.

«Қашпа деймін, иттің ғана баласы! Иттігіңді көрсетпей бері кел», - деп қаһарына мінді.

Иесінің жарлығын екі ете алмаған төбет алғаш рет басынан таяқ жеді. Қата тимей бата тисе керек, көзінің үсті жарылып, қан сорғалады. Алғашында шаң-шұң айғайға елең еткен жұрт енді итке не деп араша түсерін, әжейге не деп басу айтарын білмей, аңтарылып қана қарап тұрды.

«Соғысқа кеткендердің бәрі аман келсін деп, атыңды Бәріңгел қойдым. Көзіңді ашып үлгермеген кезіңнен бастап барымды аузыңа тосып, Бәріңгел, Бәріңгел деп қақсап келем ғой саған! Қалған боздақтар қайда? Атың Біріңгел емес, Бәріңгел ғой сенің! Қайда деймін саған! Құдай 18 перзентімнің өтеуіне берген жалғызым қайда?

Атың құрысын! Үмітімді ақтамадың! Жылдар өткен сайын үмітім де сенімен бірге есейген еді. Сен үйтіп қыңсылап зығырданымды қайнатпа! «Қара қағаз» өшіре алмаған үмітімді сен өшірмекпісің?!

Ит болып көзін ашқалы адам баласынан мұндай зәбір көрмеген төбет Әміре әжейдің демі құрып, сабауын тоқтатқан кезде барып мұңын өз тілінде көкке шағып, ұзааақ ұлыды.

Ішіндегі аласапыранды әрең ауыздықтап жүрген Орынбай ақсақал осы кезде ғана дүңк етіп, кемпіріне зекіді.

«Жазған-ау, есіңнен адасайын дедің бе? Көлеңкеңдей болып кеткен итте не өшің бар?! 18 балаңды аштыққа байлап, сүзекке ұрындырған да, солардың соңында қалған жалғызыңды майданға жетектеп әкеткен де осы мақұлық қой дейсің бе?!», - деді ашуланып.

Сәлден кейін Әміре әжей сабасына түсіп, әдеттегі мейірлі үнімен Бәріңгелді шақырды. Жасқаншақтай келген төбетті айналып-толғанып, кешірім сұрады да үйіне кірді. Содан қайтып Әміре әженің үйден шыққанын жан баласы көрген жоқ. Бәріңгел қанша күткенмен қарт ана қайтып төбе көрсеткен жоқ...

Елу жылдан ел жаңа деген. Қазір сол Қорғанның орны менің әкемнің атымен Қалихан деп аталады. Ауылдың жұрнағы ғана қалған. Сол жаққа табаным тисе болды, өзен жағасында пароходдың жолына телміріп тұрған Бәріңгел мен Әміре әже көз алдыма келеді.

Өткен күннен белгі қалсын деп, мұңлық ана мен адал төбетке арнап ескерткіш орнатсам деп жүрмін. Жер басып, күн сүйе тұрсам, бұл шаруаны да тындырармын», - деп аяқтады 76-дағы Жеңісбек ақсақал..

Жеңісбек Кәрібаев қазір Қара Ертістің бойында 6 мың бас қой ұстап отыр. Бәріңгел мен Әміре әжеге арнап ескерткіш қоямын деп сенімді айтып отырғаны содан. 19 баласын аштық пен соғыс жалмаған бір әулеттің соңында тым болмаса ескерткіш қалсын деген ақсақалдың ниетіне еріксіз бас идік.


Соңғы жаңалықтар