«Барыс» бабына қашан келеді
Биыл қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасында сәтсіз ойын көрсетіп келеді. Қазір турнир кестесінде соңғы орындардың бірін місе тұтып тұр. Команданың алдағы уақытта плей-офф сатысына шығатын мүмкіндігі қандай? Kazinform аталған тақырыпқа байланысты мамандар, спорт журналистері, жанкүйерлер пікірін таразылап көрген еді.
«Легионерлер үмітті ақтаса дейміз»
Елордалық команда дүбірлі додаға 2008 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Содан бері үш мәрте ғана плей-офф сатысына шыға алған жоқ. Ал төрт мәрте Шығыс конференциясында жартылай финалға дейін жетті. Қазақстандық жанкүйерлер жылма-жыл команданың жоғары биіктен көрінгенін қалайды. Десе де соңғы жылдардағы сәтсіздік жанкүйерлер көңілінен шықпай жүргені жасырын емес.
Команда биыл негізінен жергілікті жастарға үміт артып отыр. Ұлттық құрама сапында әлем чемпионатына қатысқан қазақстандық хоккейшілер «Барыс» құрамында мұз айдынға шығуға мүмкіндік алды. Мамандар бұл дұрыс шешім екенін айтады. Өйткені, жастар тәжірибелі клубтарға қарсы ойнап, шеберлігін шыңдай түседі. Айналып келгенде, ол ұлттық құраманың үздіктер қатарында жоғары деңгейде ойын көрсетуіне жол ашады.
Қазақстандық білікті бапкер Ғалым Мәмбеталиев ел құрамасын әлем чемпионаты басталардан сәл бұрын ғана қолға алды. Соған қарамастан хоккейшілеріміз азулы қарсыластарымен терезесі тең деңгейде ойын көрсетті. Нәтижесінде топ-дивизиондағы орнын сақтап қалды. Осылайша қазақстандық хоккейшілер де өздерінің шеберлігі ешкімнен кем емес екенін дәлелдеді. Десе де кейбір сәтте олардың тәжірибесі жетіспей жатқаны көрініп тұрды. Бұрынғы жылдарда ұлттық құраманың өзіне американдық, канадалық және өзге де шетелден келген легионерлерді тартуға мәжбүр болғанымыз жасырын емес. Алайда олардың өзі ұлттық құраманың жоғары деңгейде ойын көрсетуіне зор үлес қосты деп айта алмаймыз.
Ұзақ жылдан бері қазақстандық хоккейге жанкүйерлік жасап жүрген Еркін Әбіл жергілікті жастарға көбірек үміт арту қажеттігін айтады.
«Негізінде әлемде бұрынғы жылдарда қазақстандық хоккейшілер жоғары бағаланатын еді. Кезінде НХЛ-да ойнаған Евгений Набоков, Николай Антропов, Виталий Еремеев, Виталий Колесник, Константин Пушкарев сынды саңлақтарымыз болды. Қазір ешқандай хоккейшіміз аталған лигада ойнап жүрген жоқ. Менің ойымша, алдағы уақытта өз үздіктерімізді дайындап шығаруға мүмкіндік беруіміз қажет. Содан кейін олардың әлемнің үздік лигаларында бақ сынауына жол ашылады. Өкініштісі, қазір бұл жөнінен мақтана алмаймыз. Алда атқарылатын ауқымды істер бар деп ойлаймын», — дейді ол.

Плей-оффқа шыға ала ма?
Елордалық команда биыл 38 кездесудің небәрі 12-де жеңіске жетті. Қазір турнир кестесінде 31 ұпаймен 22-орында келеді. Рас, әлі де плей-офф сатысына шығуына мүмкіндігі жоқ емес. Ол үшін қазақстандық команда алдағы ойындарда жинақы қимыл көрсетіп, ұпай қорын молайта түсуі тиіс. Оған мүмкіндік те бар секілді.
«Барыс» хоккейшілері соңғы ойындарда қатарынан екі мәрте жеңіске жетті. Алдымен көш басында келе жатқан Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасын 5:2 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін «Северсталь» (Череповец) клубын 3:2 есебімен қапы қалдырды.
Елордалық команда «Северстальді» жеңгеннен кейін бас бапкер Ғалым Мәмбетәлиев: «Жігіттердің өзіне сенуі үшін командада жақсы микроклимат жасап келеміз. Олар жеңе алатынына сенді», — деп ағынан жарылған еді.
Биыл «Барыс» құрамында ойнап жүрген хоккейшілердің негізгі бөлігі жастар екенін айта кеткеніміз артық емес. Атап айтқанда, олардың қатарында Дінмұхамед Қайыржан, Аңсар Шайхмедденов, Батырлан Мұратов, Әлихан Өмірбеков, Всеволод Логвин, Алесандр Борисевич, Самат Данияр секілді жастар бар. Бұл хоккейшілердің 21-25 жаста екенін ескерсек, олардың бұдан әрі шеберлігін шыңдауына мүмкіндік жасалуы қажет.
Ғалым Мәмбетәлиев «Барыс» бас бапкерінің міндетін атқарумен бірге ұлттық құрамаға жетекшілік жасайтынын ескергеніміз абзал. Ендеше, тәжірибелі маман жергілікті жастарға көбірек сенім артып жүргенін білеміз.

«Жастарға сенім артқан дұрыс»
Белгілі спорт журналисі Нұрғазы Сасаев хоккей тақырыбында жиі ой қозғап келеді. Оның айтуынша, әрбір команданың тек легионерлерге иек артып отыруы дұрыс емес.
«Негізінде әрбір команданың алға қойған жоспары болуы тиіс. «Барыс» құрылған алғашқы жылдарда қазақстандық хоккейшілердің деңгейін көтеруге күш салды. Әрине, Құрлықтық хоккей лигасында тәжірибелі командаларға қарсы тұруы үшін үздік легионерлерді команда құрамына тартқан артық емес. Осы мақсатта алғашқы бестіктегі хоккейшілер шетелдіктер болды. Нәтижесінде тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізе алдық. Себебі, бұл бестігіміз ҚХЛ-да үздіктер қатарында еді. Оларға көбі қарсы тұра алған жоқ. Қазір ше? Легионерлерге ондай талап жоқ секілді. Кейбірі тіпті талапқа да сай емес екенін аңғардық. Былтыр және биылғы жылдың басында 21 ойыншының басым бөлігі шетелдік ойыншылар болды. Салдарынан қазақстандық хоккейшілерге ешқандай мүмкіндік берілген жоқ. Ендігі кезекте жергілікті ойыншыларға жол ашып отырғанымыз дұрыс. Құрлықтық хоккей лигасынан бұрын ұлттық құраманың деңгейін жоғарылатуға мән бергеніміз жөн», — деді ол.

Рас, хоккей футбол секілді қымбат спорт түріне жатады. Десе де әлемде оған деген көзқарас ерекше. Сондықтан елімізде спорттың бұл түріне деген қолдаудың өз деңгейінде болғаны бізге қажет. Бұл мақсатта арнайы жоба, жоспардың жасалғаны орынды.