«Барыс» бабына қашан келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Елордалық «Барыс» жаңа маусымды өте сәтсіз бастады. Құрлықтық хоккей лигасындағы он бір ойынның тоғызында жеңілістің ащы дәмін татты. Сәтсіздік сериясын тоқтата алмай келе жатқан елордалық клуб қазірдің өзінде канадалық маман Дэвид Немировскиді қызметінен алып, орнына ресейлік Вячеслав Буцаевты алып келді. Команда жаңа бапкермен алғашқы ойында жеңіске жеткенімен одан кейін қайтадан екі мәрте жеңіліп қалды. Әзірге елордалық клуб тығырықтан шыға алар емес. Сәтсіздік осылайша жалғаса берсе, биыл да плей-офф сатысына шығуы неғайбыл. Мұндай келеңсіздік кейінгі екі жылда көрініс беріп отыр. Жалпы, команданың мұндай сүреңсіз ойынына кім кінәлі? Kazinform тілшісі аталған тақырыпты ой елегінен өткізіп, мәселенің мәнісіне үңіліп көрді.

Барыс командасы
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Барлығы бапкерге де байланысты

1999 жылы тұсауын кескен команда 2008 жылдан бері Құрлықтық хоккей лигасында ойын көрсетіп келеді. Он алты жылдан астам уақыттан бері қазақстандық жанкүйерлерді талай мәрте жеңісімен желпіндіргенін әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқпыз. Сондықтан «Барыстың» әрбір сәтсіздігі хоккейді қызыға тамашалайтын жергілікті жұртшылыққа ауыр тиеді. 

Хоккей Барыс
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Рас, команданың құрылудағы негізгі мақсаты — сапалы шетелдік ойыншыларды тарта отырып, қазақстандық жастарды тәрбиелеп шығару екені белгілі. Алғашқы жылдарда Брэндон Боченски, Найджел Доус, Кевин Дэллмэн секілді шетелдік хоккейшілер «Барыстың» жоғары биіктен көрінуіне үлкен қосты.

Одан кейінгі жылдарда Даррен Диц, Джесси Блэкер, Филипп Вароне, Линден Вей, Кёртис Волк, Энтони Камара, Якоб Лилья сынды тәжірибелі ойыншылар елордалық клуб сапында ойын көрсетті. Олардың әрбір іс-қимылы, мергендігі, шеберлігі жанкүйерлер көз алдында әлі күнге дейін тұр.

Сол бір жылдарда «Барыстың» бас бапкері қызметіне тәжірибелі мамандар шақырылды. Олардың қатарында шетелдік және қазақстандық азаматтар бар.

Атап айтқанда, бұл тізімге ресейлік Владимир Крикунов, финляндиялық Ари-Пекка Селин, беларусьтік Андрей Скабелка, қазақстандық Юрий Михайлис сынды бапкерлерді қосуға болады. 

Барыс — Лада
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Өз тарихында «Барыс» төрт мәрте Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф сатысына шыға алған жоқ. Өкінішісі, оның ішінде кейінгі екі жылда осындай сәтсіздік қайталанып отыр.

Бұл орайда ең алдымен негізгі мәселені команда басшылығынан іздеуге болады. 2018 жылдан бері «Барыс» командасы президенті қызметін Борис Иванищев атқарып келеді.

Сондай-ақ бас менеджер міндеті Олег Болякинге жүктелген. Ендігі кезекте осы жылдар аралығында команданың бас бапкері қызметін сегіз маман атқарғанын айта кетейік. Оған қоса хоккейшілердің де жылда ауысып кетіп жатқанын естен шығаруға болмайды. 

«Барыс»
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Команда сапында ҚХЛ деңгейіне сай емес легионерлер көп. Оны бас бапкердің өзі айтып отыр. Жақында ғана құрлықтың ар жағынан Чейс ДеЛео деген хоккейшіні әкелді. Енді мақтауын келтірді. Статистикалық мәліметтерін жайып салды. Үш жыл бір командада капитан және лидер болғанын да жазды. Бірақ, бұл шабуылшы да «Барысқа» көмектесе алмай жүр. Керек десеңіз, ол тіпті орталық шабуылшы емес екен. Бұл ретте клубтың қазіргі бас бапкері Вячеслав Буцаевтың өзі айтты. «Барыс» бесаспап орталық шабуылшыға зәру. Шайба-талапайда командаға шайбаны алып берер орталық шабуылшы жоққа тән. Осы жағынан ылғи есесі кетіп жүреді, — дейді хоккей тақырыбында жиі жазып жүрген спорт журналисі Нұрғазы Сасаев.

Кәсіби деңгейі күмән келтіреді

Ендеше, мұндай сапасыз легионерді алып келуге кім мүмкіндік беріп отыр? Олардың алатын жалақысы да қарапайым адамдар үшін таңғаларлық. Бұл жөнінде Sport Express басылымында жарияланған деректерге көз салып көрелік.

Хоккей
Фото: olympic.kz

Биыл команда құрамына қосылған канадалық Майкл Маклауд табысын жылына 336,59 млн теңгеге жеткізеді. Ал ресейлік Дамир Жафяров, канадалық Натан Болье, Уэйд Эллисон, АҚШ-тан келген Си Джей Смит, швециялық Юхан Маттссон жылына 61-280 млн теңге аралығында еңбекақы алады. 

— Осының өзі қыруар ақша емес пе? Қазына қазанынан бөлінген қаржының өтеуі бар ма? Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Бар кінәні қызметінен кеткен бас бапкер Дэвид Немировскиге ысырып қоямыз ба? Бәлкім, кейінгі екі жылдағы сәтсіздік үшін команда басшылығын да ауыстыруымыз керек шығар, — дейді тағы бір спорт журналисі Телжан Күдеров. 

хоккей
Фото: «Барыс» ХК

Биыл келген хоккейшілердің шеберлік деңгейі төмен екенін қазіргі бас бапкер Вячеслав Буцаев та жасырған жоқ. Соңғы Ресейдің «Торпедо» командасынан жеңілістен (1:10) кейін кейбір ойыншылардың кәсіби деңгейіне сын айтты.

— Айта кетсек, «Торпедомен» кездесуде көп ойыншыларға көңіл толған жоқ. Бірқатар хоккейшілер жанкүйер қолдауына ие болды. Сондықтан олардың көбісіне айтылатын сын бар. Құрлықтық хоккей лигасы деңгейінде ойнай алатын кәсібилігін көрсете алған жоқ. Сол себепті оларға қатысты көп сауал қойылады, — деді ол. 

Бапкерден артық ештеңе айта алмаспыз. Жалпы, биылғы селекция мәселесінің сын көтермей тұрғаны ойлантады. Бұл команда басшылығы тарапынан жүйелі жұмыс жүргізілмегенін айғақтайды.

Шетелдік хоккейшілердің деңгейі қандай?

Ашығын айтсақ, «Барыс» биыл көптеген хоккейшілермен келісімшартты ұзартқан жоқ. Кейбірі өз еркімен басқа командаға ауысып кетті.

хоккей
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Десе де команда құрамынан ұлттық құраманың негізгі қақпашысы Андрей Шутов, канадалық қақпашы Эдди Паскуале, чехиялық Давид Скленичка, Рудольф Червены, канадалық Энтони Камара, америкалық Джозеф Лабейт, швециялық Понтус Оберг сынды хоккейшілер команда құрамынан кетті.

Олардың өзінің шеберлік деңгейі биылғы ойыншылардан жоғары еді. 

«Менің ойымша, ендігі кезекте ойыншылар селекциясына мән берілуі тиіс. Командаға келуге ұсынылған хоккейшілердің бұдан бұрынғы нәтижесіне көңіл бөлгеніміз артық емес. Биылғы келгендер жергілікті түлектерден артық ойнай алмайтыны кездесу барысында аңғарылып жүр. Ендеше, мұндай жөнсіздікке жол бермегеніміз дұрыс», — дейді жанкүйер Қайрат Нажматов.

Астанинский «Барыс» потерпел второе поражение на старте сезона КХЛ
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Әрине, былтыр жанкүйерлердің канадалық қақпашының ойынына көңілі толған жоқ. Маңызды матчтың көбісінде өрескел қателіктерге бой алдырды. Салдарынан «Барыс» қарсылас ұжымдарға есе жіберіп, турнир кестесінде төменгі орынның бірін місе тұтты.

Енді Құрлықтық хоккей лигасындағы командалар 2024 жылдың 3 қыркүйегі мен 2025 жылдың 31 мамыры аралығында сайысқа түседі.

Жылдағы дәстүрмен тұрақты кезеңде алғашқы 16 орынға ие болған ұжымдар Гагарин кубогында сайысқа түсуге мүмкіндік алады.

барыс
Фото: Барыс ХК

 

Соңғы жаңалықтар