«Барыс» бес ойыннан кейін жеңіске жетті
Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында елордада Ресейдің «Трактор» (Челябі) командасынан басым түсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Қазақстандық команда бес тур бойы жеңілістің ащы дәмін татты. Салдарынан турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алды. Жеңілістен көз ашпаған клуб небәрі 11 ұпаймен 21-орында тұрған еді.
Ал «Трактор» 16 ойыннан кейін 18 ұпаймен 10-орынға орналасты.
Айта кетсек, Андрей Скабелка «Барыс» командасының бас бапкері қызметінен кетіп, оның орнына қазақстандық маман Ғалым Мәмбетәлиев бас бапкердің міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Кездесу барысында қазақстандық ұжым барынша жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде 17-минутта елордалық Всеволод Логвин есеп ашып кетті.
Ал 25-минутта Аркадий Шестаков есепті үстемелей түсті.
Ресейлік клуб гол соғу мүмкіндігін іздеді. Олардың қатарынан 39-минутта Чарльз Робинсон есеп айырмасын қысқартқан еді.
Осылайша «Барыс» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Турнир кестесінде 13 ұпаймен бір орынға жоғары көтерілді.