«Барыс» бүгін елордада Ресейдің «Металлург» командасымен кездеседі
Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасына қарсы өткізеді, деп хабарлайды Kazinform.
Кездесу бүгін, 15 қазан күні, сағат 15:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда бұған дейін 68 мәрте кездесті. Оның 25-і елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік команда жеңіске жетті.
Турнир кестесінде «Барыс» 18 ойыннан кейін 15 ұпаймен 19-орында тұр, ал «Металлург» 19 ойыннан кейін 27 ұпаймен 2-орынға орналасты.
Айта кетейік, астаналық клуб биылғы маусымды сәтсіз өткізіп келеді.
Соңғы 10 ойынның небәрі үшеуінде жеңіске жетті.
«Барыс» бұдан кейін ойынын 18 қазанда Ресейде «Сочи» командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық клуб өз алаңында «Локомотив» командасынан жеңіліп қалған еді.