«Барыс» екінші ойын қатарынан жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Трактор» (Челябинск) командасына қарсы өткізді.

Кездесу барысында елордалық команда Руслан Оспанов 2-минутта есеп ашқан еді.
Бірінші кезеңде ресейлік клуб таразы басын теңестіруге ұмтылды. Соған қарамастан таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде ресейлік клубтан Михаил Котляревский 26, 29-минутта екі гол соғып, өз командасын алға шығарды.
Олардың қатарынан Андрей Светлаков 38-минутта басымдықты арттырды.

Ал «Трактор» хоккейшісі Виталий Кравцов 58-минутта қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберіп, екінші ойын қатарынан жеңілістің ащы дәмін татты.

Енді «Барыс» 9 қыркүйекте «Амур» (Хабаровск), 13 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск) командаларымен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» елордада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына есе жіберген еді.