«Барыс» елордада «Ак Барсқа» буллиттен есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, 5 қарашада Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) командасына қарсы өткізді.

«Барыс» елордада «Ак Барсқа» буллиттен есе жіберді
Фото: Барыс ХК

Қазақстандық команда кейінгі ойындарда жинақылық көрсете бастады. Негізінен қазақстандық хоккейшілерден құралған ұжым тәжірибелі клубтарға қарсы оң нәтижеге қол жеткізіп отыр. Алты ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі соңғы орынды артта қалдырды. 

Бүгінгі кездесуде ресейлік клуб сапынан Дмитрий Кателевский 2-минутта есеп ашып кетті. Одан кейін елордалық клуб таразы басын теңестіруге ұмтылды.

Екінші кезеңде қос команданың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болған еді. Осындай сәттердің бірінде елордалық клубтан Аңсар Шайхмедденов 39-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте «Ак Барс» командасының жолы болды.

Енді қазақстандық команда бұдан кейінгі бір ойынын елордада өткізеді. 7 қараша күні «Автомобилист» (Екатеринбург) клубымен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар